2 адам қайтыс болып, 92 тұрғын жарақат алды: Қытайдың Хайнань аралын «Яги» тайфуны басты
Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань аралында «Яги» тайфуны салдарынан кем дегенде екі адам қаза тауып, 92 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Бұл туралы жергілікті биліктің ақпаратына сілтеме жасай отырып, Синьхуа агенттігі хабарлайды.
Ресми деректерге сәйкес, сенбі, 7 қыркүйек күні, таңертең Динь’ань округінде екі адамның қайтыс болғаны расталды. Вэнчан қаласында 12 адам, Хайкоу қаласында 80 адам жарақат алған.
Жел мен жауын-шашын аздап басылғанда, Хайнань аралы тайфунға қарсы әрекет ету деңгейін төмендетіп, шұғыл қалпына келтіру жұмыстарын бастады.
Тайфуннан 1,5 миллионнан астам үй шаруашылығы зардап шеккен. Оларға электр қуатын беру үшін 2200-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. 7 қыркүйек күні таңғы сағат 7-ге қарай зардап шеккен үй шаруашылықтарының бестен біріне электр қуаты берілген.
Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, қазір жабылған 89 тас жолдың 51-і тазартылды. Сенбі күні түстен кейін, аралда жүрдек пойыздар қатынасы қалпына келтірілмек.
Хайкоудың Мейлан халықаралық әуежайы жексенбі, 8 кыркүйек күнгі түске дейін уақытша жабық, ал танымал туристік Санья қаласындағы Фэнхуан халықаралық әуежайы сенбі күні таңғы сағат 10-да рейстерді біртіндеп қалпына келтіре бастаған.
«Яги» тайфуны 6 қыркүйекте Қытайда екі рет, алдымен Хайнань провинциясында, содан кейін Гуандун провинциясында (оңтүстік Қытай) соққан. Тайфун алдында Қытай билігі 400 мың тұрғынды қауіпсіз жерге көшірген.
«Яги» тайфуны 2 қыркүйекте Филиппиннің халқы ең көп қоныстанған аралы – Лусонғаны басты. Соңғы мәліметтер бойынша, онда кем дегенде 16 адам қаза тапқан. Қытайдың Хайнань аралында тайфун жиі болғанымен, «Яги» соңғы онжылдықтағы ең кұші тайфун болып отыр. Reuters басылымының жазуынша, 1949 жылдан бері Хайнаньда болған 106 тайфунның тоғызы супер тайфун санатына жатқызылған.