KEGOC Қазақстанның батыс аймағындағы электр желісін бірыңғай электр жүйесімен біріктіреді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
KEGOC
KEGOC Қазақстанның батыс аймағындағы электр желісін БЭЖ-бен біріктірмек / Фото: Depositphotos/2visiblesite

KEGOC Қазақстанның батыс аймағындағы электр желісін бірыңғай электр жүйесімен біріктіреді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Директорлар кеңесі «Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру. Электр желілік объектілерді салу» жобасы бойынша EPC-келісімшартты мақұлдаған.

«Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-нің негізгі бөлігімен республика аумағы бойынша біріктіру елдің батыс облыстарының энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар энергия жүйесінің Солтүстік және Оңтүстік аймақтарының электр энергиясы мен қуатының теңгерімсіздігін өтеу үшін батыс аймақтың маневрлік генерациясын пайдалануға мүмкіндік береді», – делінген компания хабарламасында.

Соның нәтижесінде батыс аймақтың өткізу қуаты 500 МВт-қа дейін артады. Жоба шеңберінде ұзындығы 604,3 км болатын 500 кВ «Қарабатан ТП – Өлке ҚС» ӘЖ салу, 500 кВ «Өлке» ҚС реконструкциялау және кеңейту, сонымен қатар 500 кВ «Қарабатан» ТП АТҚ-сын салу көзделген.

Жоба 2027 жылғы желтоқсанда аяқталуы тиіс. Ол «KEGOC» АҚ-ның меншік қаражаты және Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен тартылатын қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Инвестициялық жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың электр энергетикалық жүйенің Оңтүстік аймағын күшейту, кейіннен Қазақстанның БЭЖ-імен біріктіре отырып, Батыс өңірлер арасындағы транзиттік байланыстарды күшейту схемасын әзірлеу туралы тапсырмасы шеңберінде іске асырылмақ.

«KEGOC» АҚ 2023 жылы стратегиялық маңызы жоғары «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасын аяқтаған болатын. «Батыс Қазақстан энергия торабы – Атырау – Маңғыстау» маршруты бойынша бес 220 кВ электр жеткізу желілері пайдалануға енгізілді. Бұл Батыс аймақтағы электр байланыстарының өткізу қабілетін екі есе арттыруға мүмкіндік берді.

Компанияның Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов 2024 жылы Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіруге баса назар аударылатынын айтқан.

Қазір компанияның 85% акциясы «Самұрық-Қазына» қорының иелігінде. 6,87%-ы БЖЗҚ-ға тиесілі, ал 8%-ға жуығы еркін айналымда жүр. 

KEGOC былтыр Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Оңтүстік аймағы желілерін күшейтуге бағытталған ірі инвестициялық жобаға қажет қаражатты IPO арқылы тартты. Жоба шеңберінде 500 кВ 3 электр қосалқы станциясын сәйкесінше кеңейте отырып, ұзындығы 475 км 500 кВ «Шу-Жамбыл-Шымкент» 2 желі салынатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз