Алаяқтар министрлердің атынан ақша сұрап жатыр

Жарияланды
Коллаж. Kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Интернет-алаяқтар Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан ақша жымқыруға ұмтылып жатыр. Аватарына оның суретін қойып, жұртқа хабарласуға көшкен. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Gylym.news тобы ескерту жасады.

«Әріптестер, қазіргі уақытта алаяқтар адамдарды алдау үшін мессенджерлер арқылы белсенді әрекет етуде. Олар министрдің және министрліктің басқа да қызметкерлерінің атынан хабарламалар жіберуде. Егер сіз күмәнді нөмірлерден хабарлама алсаңыз, олардың алаяқтар екенін біліңіз – оларға жауап бермеңіз және нөмірлерді бұғаттаңыз. Сақ болыңыздар және мұндай айла-шарғыларға алданбаңыздар», – делінген хабарламада.

Интернет алаяқтардың белсенді әрекетке көшкенін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де растап отыр. Аталған ведомство қазақстандықтарды тағы да сақ болуға шақырды.

Соңғы кезде WhatsApp, Telegram және басқа да мессенджерлерді пайдаланып, азаматтарды алдау жағдайлары жиілеп кеткенін айтып отыр.

«Көбіне алаяқтар азаматтардың аккаунтына сілтеме түрінде зиянды бағдарлама жібереді. Әдетте, сілтемеде балаларға дауыс беру, жүлделер ұтыс ойыны немесе сауалнаманың әртүрлі тақырыптарына сұрақ жауап туралы ақпарат бар», – делінген министрліктің хабарламасында.

Сілтемені басып қалса, шабуылдаушылар азаматтардың аккаунттарына, телефонына және компьютерлеріне қол жеткізе алады. Содан кейін сол аккаунттан немесе фотосуретті мессенджерден ақша сұраған хабарлама жібереді. Танысының атынан хат алғандар алданып қалуы әбден мүмкін. Ақша алу үшін алаяқтар үшінші тұлғанын шоттарын оп-оңай пайдалана алады. Кей жағдайларда алаяқтар елді алдау үшін өздерін ҰҚК қызметкері ретінде де таныстыра бастаған.

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды мұқият болуға, туыстарынан, достарынан келген күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады. Хаттарды ашпауға, жіберушімен дереу байланысқа шығуға кеңес беріп отыр.

Биыл интернет-алаяқтар қазақстандықтардан 18,2 миллиард теңге жымқырғаны жөнінде жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз