Қазақстанда жанар-жағармайды бүркемелеу тауары ретінде сыртқа әкету фактілері анықталды
Үкімет еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шекара бекеттерінен бензиннің заңсыз экспортталуына тосқауыл қоймақ. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде АИ-92, АИ-95 жанармай мен дизельді отынды тұтыну көлемі артқан. Үкімет мұны көрші елдерге қарағанда елімізде жанар-жағармай құнының арзан болуымен байланыстырып отыр.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ішкі нарықты қамтасыз ету мәселесі бойынша арнайы кеңес өткізіп, осы мәселе талқыға салынған.
Ақпаратқа сәйкес, «сұр экспорт» арқылы бензинді сыртқа тасымалдайтындар тіркелген. Яғни оңтүстік шекарадан «бүркемелеу тауары» ретінде мұнай өнімдерін экпорттау жағдайлары кездеседі екен.
Осыған байланысты Роман Скляр мұнай өнімдерінің ішкі нарықта тапшы болуына жол бермеу үшін бірқатар органдарға арнайы тапсырма беріп отыр. Атап айтқанда, Қаржы мониторингі агенттігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен біріге отырып, шекара бекеттерінде жанар-жағармай тасуды бақылауды күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Энергетика министрлігіне тасуға рұқсат берілген мұнай өнімдерінің тізімін жасауға және отандық мұнай өңдейтін зауыттарда мұнай өнімдерін тұрақты шығаруды қамтамасыз етуге тапсырма берді.
Еске саламыз, бұған дейін Қазақстан қыркүйектен бастап бензин мен дизель отынын экспорттауға тыйым мерзімін 6 айға ұзартатыны хабарланған болатын. Бұл тыйымның жүзеге асуын Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бақылауы тиіс.
Наурыз айының соңында да дәл осындай тиым алты айға салынған болатын.