Акционерлерге төленетін дивиденд сомасы ескеріледі: Байбазаров банктерге теңгерімді салық салынатынын мәлімдеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Банктерге қалай салық салынады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің акционерлеріне төлейтін дивиденд көлемі ескеріліп, теңгерімді салық салу жоспарланып отыр. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында бұл норма жаңа заң жобасына енгізілетінін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жаңа заң жобасы ақша-несие саясаты желісі бойынша банктер мен кредиттік ұйымдардың қызметін реттейді.

«Заң жобасының негізгі міндеттері – экономикалық белсенділікті ынталандыру, цифрлық активтер мен қаржы технологияларын реттеу. Осы бағыт бойынша теңгерімсіздікті жою мақсатында төленетін дивидендтерді ескере отырып, банк секторына теңгерімді салық салуды енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында бізге банктер туралы жаңа заң қажет деген болатын. Өйткені қазіргі қолданыстағы заң 30 жыл бұрын қабылданған. Сонымен қатар мемлекет басшысы мемлекет қолдауына ие болған банктерге салынатын салық мөлшері әділ белгіленуі тиіс деп мәлімдеген. Яғни банк тапқан табысынан акционерлеріне молынан дивиденд бөлсе, салықты да көбірек төлеуі тиіс.

«Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным», – деді Президент.

Ұлттық банк статистикасы бойынша Қазақстанда 21 банк жұмыс істейді. Соның 11-і шетелдің қатысуымен, 8-і – еншілес банктер. 1 тамызда жағдай бойынша, ЕДБ активінің жиынтығы – 56,8 трлн теңге, ал несие портфелі 32,5 трлн теңге деңгейінде қалыптасты.

Жыл басынан бері банктер 1,4 трлн теңге таза табыс тапқан. Бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,7%-ға жоғары. Егер өткен тиісті жылдармен салыстырсақ, бұл – банк секторындағы ең үлкен табысты кезең болып отыр. Тізімдегі 21 банктің ішінде ең табысы жоғары Халық банк – 444,2 млрд теңге. Каспи – 281,9 млрд, БанкЦентрКредит -101,8 млрд теңге, ForteBank пен Jusan Bank 89,1 млрд және 83,7 млрд теңге таза табыс тапқан. Ал қалған 16 банктің жиынтық табысы – 388,1 млрд теңге. Осылайша табысы жоғары 5 банктің жалпы ЕДБ үлесі 72%-ды құрап отыр.

Мемлекет қолдауына қандай банктер ие болды?

Ұлттық банк 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасын бекіткен еді. Сол бағдарлама аясында елдегі 6 банк мемлекет қолдауына ие болған.

2024 жылдың 4 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстандағы 5 банктің балансында 1,5 трлн теңгеге жуық мемлекеттік көмек болған. Олар: БанкЦентрКредит, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jusan Bank және Nurbank. Бұл көмек қаржыны 2017 жылғы сауықтыру бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық Банкі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ берген.

Жақында Halyk Bank 250 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік көмекті толығымен мерзімінене бұрын өтеді. Ал Jusan Bank «Самұрық-Қазына» қорынан мерзімінен бұрын 100 млрд теңгенің реттелген облигацияларын сатып алды. Bank RBK болса 12,9 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын ішінара қайтарған.

Сондай-ақ оқыңыз