Астана мен Алматыда ірі сауда орталықтарын салған кәсіпкердің компаниясы жарғылық капталын 3 есе арттырды
2023 жылы жарғылық капиталын 484 есе өсірген Arcada Industry компаниясы жарғылық капиталын тағы да арттырып, 1,15 млрд теңгеге жеткізді. Аталмыш компания Ақмола облысында қиыршық тас пен құм өндіреді. Қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі Қазақстан қор биржасында жарияланды.
Компания 2023 жылы жарғылық капиталын 484 есе өсірген болатын. Жыл басында бар жоғы 725 мың теңге болған жарғылық капитал былтыр 350 млн теңгеге жеткен еді. Биыл 800 млн теңгеге қосымша капиталдандырылып, жалпы 1,15 млрд теңгеге жетті. 800 млн теңгенің 400 млн теңгесін – «Аркада» ЖШС енгізсе, 320 млн теңгесін – Negma компаниясы төлеген. Ал 80 млн теңге акционерлердің бірі – Александр Игнатущенконың қалтасынан шыққан.
Сол кезде «Курсив» сауалына берген жауабында компания директоры Аманбай Бейсембаев компания жарғылық капиталы неге бірден өскенін түсіндірген болатын. Оның айтуынша, Arcada Industry компаниясына жаңа зауыт салу үшін құрылыс жұмыстары мен жабдықтар алуға 2,9 млрд теңге қажет болған. Бұл қаржыны табу үшін компания облигацияларын KASE биржасына шығарып, 2022-2023 жылдары 1,8 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік алған.
Енді жарғылық капиталға енген өзгерістерге сай, серіктестік қатысушыларының үлесі өзгереді. Компанияның 50% үлесі «Аркада» ЖШС-на тиесілі болса, Negma компаниясына 40%-ы тиесілі. Ал 10% акциясын Александр Игнатущенко иеленеді.
Бұған дейін Игнатушенко компанияның 20%-на иелік ететін еді. Шілде айында өзінің 10% үлесін 90 млн теңгеге «Аркада» ЖШС-на сатқан.
«Аркада» ЖШС мен Negma ЖШС-ның құрылтайшысы – Алексей Нефедов. Кәсіпкер Астана мен Алматыдағы Asia Park, сондай-ақ Алматыдағы Mart және Mart Village сияқты сауда орталықтарын салып, басқарумен айналысқан. 2010 жылдардың екінші жартысында Нефедов Forbes журналының Қазақстандағы ең ірі рантье мен ең ықпалды бизнесмендердің рейтингтеріне енген. Әкесі Петр Нефедов 1992–1997 жылдары Қарағанды облысының әкімі болған.
Arcada Industry 2000 жылы құрылған. Кәсіпорын қиыршық тас пен құм өндіру, сатумен айналысады. Оның негізгі активтері – Ақмола облысындағы Вишневское гранит кен орны және сонда орналасқан қиыршық тас зауыты.
Компания 2023 жылы 332 млн теңге шығынға батқан. 2022 жылғы шығыны 112 млн теңге болған.