2025 жылдан бастап емханаларда жеке басты растаудың жаңа тетігі іске қосылады – Денсаулық сақтау министрлігі

Жарияланды
Жеке басты растаудың жаңа тетігі бірінші Астана қаласының емханаларында іске қосылады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылатын қызмет түрлерін қадағалау үшін емханалар мен басқа медициналық ұйымдарға жеке басты растаудың жаңа тетігін енгізбекші. Бұл жайлы Үкімет сағатынан кейін өткен броифинг барысында министр Ақмарал Әлназарова айтты.

Брифингте журналист МӘМС жүйесін пайдаланып, жалған жазбалар арқылы қаражат жымқыру тәсілі 6 жылдан бері айтылып келе жатқанын тілге тиек етті.

«МӘМC жүйесі баяғыдан бері жұмыс істеп келеді. Ал өтірік жазба енгізу мәселесі 6 жылдан бері бар. Неге 6 жылдан бері бұл мәселеге ден қойылмай келді? Министрлік енді ғана тексеріп жатыр. Бұл жағдайға кім жауапты?», – деп сұрады журналист.

Министр жалған жазбаларға қатысты жағдай күрделі екенін, оны реттеу үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Расында, жалған жазбалар енгізу жағдайлары жиі кездеседі. Біз бұл мәселені қазір жан-жақты талдап жатырмыз. Тексеріс барысында медициналық ұйымдардың 46 мың жалған жазба енгізгені белгілі болды. Осыған орай әрбір медициналық ұйым тексеріледі. Өйткені әрбір жазбаның артында мемлекет пен Әлеуметтік сақтандыру қорының ақшасы жатыр», – дейді министр.

Әлназарованың айтуынша, мұндай мекемелерді жауапкершілікке тарту тетігі әлсіз. Яғни емханалардың жалған жазба енгізгені анықталса, олар қатаң жауапкершілікке тартылмайды. Оларға тек айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылады.

«Қазіргі таңда біз тексеріс жұмыстарына Медициналық-фармацевтикалық бақылау комитетін жұмылдырдық. Шамамен 2 айдың ішінде тексеріс жұмыстарын аяқтаймыз», – деді Әлназарова.

Министрдің айтуынша, жүйенің дұрыс цифрландырылмауы салдарынан осындай кемшіліктерге жол беріледі. Нәтижесінде медициналық ұйымдардың халыққа қандай қызмет көрсетіп жатқанын білу қиын. МӘМС бойынша төленетін қызметтерді қадағалау үшін ведомство емханаға келетін адамдарды идентификациялау тәртібін енгізуді көздеп отыр.

«Осы жылдың соңына қарай Астанада пилоттық жобаны іске қосамыз. Оған сәйкес емхана қызметіне жүгінетін емделушілер идентификациялық тексеруден өтеді. Солайша көрсетілетін қызметтің сапасын қадағалай аламыз», – деді министр.

Ал 2025 жылдың қаңтарынан бастап бұл жүйе елдің барлық медициналық мекемесіне енгізіле бастайды.

Бірақ министрлік жеке басты растау үшін идентификациялық тексеріс қандай тәсілмен жүргізілетіні анықтап айтпады. Ол дактилоскопиялық тәсіл бола ма, әлде Face ID  арқылы жүзеге асырыла ма, белгісіз.

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізіп, кейбір медициналық ұйымдардың қаражатты орынсыз пайдаланғанын анықтаған болатын. Атап айтқанда, медициналық қызметтерге қосарланған ақы алу, шетелге тұрақты тұруға көшіп кеткен азаматтарға дәрі-дәрмектерді ресімдеу фактілері анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз