ЕАЭО бойынша кедендік әкелу баждарының сомасын есепке алу мен бөлу тәртібі өзгереді: Мәжіліс хаттаманы ратификациялады
Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Енді Қаржы жане бюджет комитеті осы Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.
Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның айтуынша, аталған Заң жобасы Мәжiлiске 2024 жылдың 4 тамызында Үкiмет қаулысымен енгiзiлген.
«Кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу мен бөлу және оларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттеріне аудару тәртібі туралы хаттама Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық банктерінің қарсы міндеттемелерінің сомаларын аудару механизмін айқындайды»,– дейді Савельева.
Сонымен бірге Мәжілісте есеп айырысу тәртібі талқыланады. Себебі 2022 жылдан бастап Ресей Федерациясы ЕАЭО туралы шарт аясында АҚШ долларындағы қарсы міндеттемелер бойынша есеп айырысуларды тоқтатқан.
Осыған байланысты хаттама уақытша механизм енгізуді көздейді. Оған сәйкес Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен есеп айырысу кезінде орталық банктер арасындағы қарсы міндеттемелердегі айырма сомасы орыс рубліне аударылады.
Бұл өзгеріс ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттеріне кедендік төлемдерді аудару процесінің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етпек.
Айта кетсек, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 5 қыркүйек күні Сенат кулуарында Қазақстанның ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесі артуы мүмкін екенін айтты. Министр Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік алымынан түсетін пайдасын арттыру мәселесі қазіргі уақытта министрлік қабырғасында талқыланып жатқанын мәлімдеді. Себебі геосаяси жағдайға байланысты ахуал өзгерген. Сауда тізбегі де көбінде Қазақстан арқылы өтеді. Сол үшін Шаққалиев баждан түсетін салық пропорциялары өзгеруі керек деп санайды.
Еуразиялық экономикалық Одақ туралы шарттың 29 бабына сәйкес Қазақстанның кедендік әкелу баждарынан түсетін үлесі 6,955%-ды құрайды. Ал Ресей үлесі – 85,065%, Армения Республикасының үлесі – 1,220%, Беларусьтыкі – 4,860%, Қырғызстандыкі – 1,900%.