Tele2-ні сатып алатын шетелдік инвестордың салық режимі Қазақстан заңдарына тәуелді болмайды: үкімет қалай бақылау жүргізеді?
«Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2) компаниясын сатып алатын шетелдік инвестордың салықтық режимі Қазақстан заңдарына тәуелді болмайды. Бұл жайлы мәжілісте депутат Ерлан Саиров айтты.
Депутаттың айтуынша, шетелдік инвестормен жасалған келісімшарттың 2-бабында «салық режимі Қазақстан заңдарына тәуелді емес» деп жазылған. Ал 1-бабында «қосымша Салық преференциясы қарастырылады» делінген. Осы орайда депутат компанияның салық режимінің не себепті ел заңына бағынбайтынын сұрады.
«Біз шетелдік инвестицияға қарсы емеспіз. Бірақ шетелдің инвестициялары Қазақстан мемлекетінің ұлттық мүдделеріне сәйкес келуі керек. Келіп жатқан инвестиция Қазақстанның заңдарына бағынбайтын болса, біз ертең экономикалық процесті қалай бақылаймыз? Қосымшада «Мобайл Телеком Сервисті» сату жөніндегі бабында мемлекеттік органдардың сатып алушының коммерциялық операциялық ісіне араласуына тыйым салынатыны туралы жазылған. «Мобайл Телеком Сервистің» мемлекеттің меншігінде бола тұра, тәбетіне ие бола алмай отырмыз. Ал ертең шетелдің компаниясына өткенде, оны қалай бақылаймыз? Егер тарифті өсірсе, интернет бағасын қымбаттатса, мемлекет оған араласа алмайды. Солайша біз халықтың қалтасына тағы бір үлкен тас салып бергендей боламыз ғой»,- деді Саиров.
Ал Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Катарлық инвестордан 20 млрд-қа жуық инвестиция бір пакетпен келгенін, ел тарихында мұндай көлемдегі инвестиция бірінші рет тартылып жатқанын айтты.
«Бұл қомақты сома. Біз мұндай соманы тартуға мүдделіміз. Ал салықтық жеңілдіктерге келетін болсақ, қазір елге келіп жатқан бұдан басқа инвесторларға да жеңілдіктер беріп отырмыз. Мұндай жеңілдіктер беруіміз керек. Себебі олардың қойып отырған алғышарттары сондай. Дәл солайша Катарлық инвесторлар да салықтық жеңілдіктерге ие болуды көздейді. Сондықтан да бұл жерден ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Олар инвестиция құяды. Жобалар іске асырылады. Жұмыс орындары құрылады. Сол үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған»,- дейді министр.
Министрдің айтуынша, мұндай инвестициялар жалпы экономиканың дамуына өсуіне қолайлы жағдай туғызады. Ал салықтық жеңілдіктерді инвестиция тартудың бірден бір шарты екенін атап өтті.
Ал депутаттың тарифтердің қымбаттап кететініне қатысты алаңдаушылығына негіз жоқ деп санайды.
«Мобайл телеком сервистің» операциялық қызметіне тек олардың акционерлері ғана араласа алады. Компанияның корпоративтік, стартегиялық басқару жүйелері бар. Жұмысы солар арқылы реттеледі. Әрине, елдің басқа заңдары бар. Компания сол заң аясында жұмыс істеуі керек. Ал тарифтер жөнінде айтар болсам, компания бәсекелестік ортаға келеді. Егер олар тарифтерін көтеріп тастаса, кім олармен жұмыс істейді. Сіз айтқан тәуекелді нарық өзі реттейді»,- деді Байбазаров.
Айта кетсек, Катарлық Power International Holding «Мобайл-Телеком сервисін» «Қазақтелекомнан» 1 млрд долларға сатып алады. Келісімге сәйкес, шетелдік инвестор базалық инфрақұрылымға инвестиция салады.