«Көп тұтынсаң – көп төлейсің»: Ұлттық экономика министрі су мен жылу, электр энергиясы тарифтері қашан өзгеретінін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коммуналдық қызмет тарифі өзгере ме / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров коммуналдық қызмет тарифі жүйесіне «көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидасы қашан енгізілетінін айтты. Байбазаров ресур «үнемдеу өзекті мәселе болғанымен, асығыстық жасамаймыз» деп тұжырымдайды.

Министр қазір бұл жүйені енгізу әдістемесі жасалып жатқанын айтады. Қазақстанда 5 табиғи монополист осындай тарифтік жүйені қолданады. Байбазаровтың айтуынша, бұл жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі.

«Мұндай жүйеге бірден көшіп кетпейміз. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Пилоттық жобаны іске асырып, нақты нәтиже беретініне көз жеткізген соң ғана қолға аламыз. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ресур үнемдеу…», – деді министр.

10 қыркүйектегі Үкімет отырысында министр «жыл соңына дейін «көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидаты бойынша бекітілген әлеуметтік нормаларды ауқымды қолдану» көзделгенін мәлімдеген.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт-Тоқаев биыл жолдауында газ, су мен жылу тарифі жүйесіне «көп тұтынсаң- көп төлейсің» қағидатын енгізу мәселесін көтерген болатын. Сонымен қатар заңға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі шарт.

«Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс. Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн», – деді Президент.

Бұл қағида 2025 жылы басталғалы отырған коммуналдық сектордағы ауқымды реформалардың бір бөлігіне айналуы керек.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов биыл жыл соңына дейін электр энергиясы тарифі өзгермейді деп мәлімдеген. Өйткені бекітілген тарифі өндірушілердің бүкіл шығынын ақтайды.

Сондай-ақ оқыңыз