«Мемлекетке опасыздық жасағаны үшін» сотталған қытайтанушы Константин Сыроежкинге рақымшылық жасалды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарлық шығарып, танымал қытайтанушы Константин Сыроежкинге рақымшылық жасады. Бұл туралы саясаттанушы Андрей Чеботарев хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Рақымшылық мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша танымал ғалым-қытайтанушы, саяси ғылымдар докторы және профессор Константин Сыроежкинге рақымшылық жасады. Осыған орай, оның соттылығы алынып тасталды. Құқықтары қалпына келтірілді. Жалпы, әділдік орнады! Әріптесімізге әрі тәлімгерімізге мықты денсаулық, жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз!», – деп жазды Telegram арнасында саясаттанушы.
Қытайтанушы Константин Сыроежкин 2019 жылы қараша айында «мемлекетке опасыздық жасады» деп айыпталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Ол 2006 жылы ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми жетекшісі болды. Оның «Қытайдағы қазақтар: әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму очеркі», «Қазіргі Шыңжаң және оның қазақ-қытай қатынасындағы орны», «Қазақстан-Қытай: шекаралық әріптестіктен стратегиялық әріптестікке дейін», «Қазақстанның Қытайдан қорқуы керек пе: мифтер мен фобиялар» атты ғылыми еңбектері жарық көрген.