«Үшжақты газ альянсына» қарсы Түрікменстан Қазақстанмен газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек
Бүгін, 11 қыркүйекте, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Түрікменстанның Мемлекеттік министрі – «Түркіменгаз» мемлекеттік концернінің төрағасы Мақсат Бабаевпен кездесті. Қос министр екі ел арасында газ саласындағы ынтымақтастық пен бірлескен жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылаған. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Энергетика министрлігінің басшысы А.Сәтқалиев бірлескен
күш-жігердің арқасында елдер өзара тиімді ынтымақтастықты стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне шығара алатынына сенім білдірді. Тараптар келіссөздер қорытындысы бойынша елдердің газ саласындағы ынтымақтастығын нығайту мақсатында Түрікменгаз бен Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі арасында Ниет туралы меморандумға қол қойды», – делінген хабарламада.
Мақсат Бабаев былтыр ақпан айында «Түркіменгаз» төрағасының орынбасары, ал мамыр айында Түркіменстанның Мемлекеттік министрі – «Түркіменгаз» төрағасы болып тағайындалды.
«Түркіменгаз» – Түркіменстанның мұнайгаз өнеркәсібі және минералды ресурстар министрлігінің бас мекемесі. Оның құрамына Мұнай және газ институты, «Ахалмұнайгазбарлау» басқармасы, өнеркәсіптік-геофизикалық жұмыстар басқармасы, «Түркіменбұрғылаугаз», «Марыгазөндіру», Түркіменгазавтоматика басқармалары және басқа да мекемелер кіреді.
Былтыр тамыз айында «Түркіменгаз» мемлекеттік концерні басшысының орынбасары Мырад Арчаев Қазақстан, Ресей, Өзбекстан «үш жақты газ альянсын» кеңейтуге наразылық білдірген болатын. Оның сөзінше, қазір Түркіменстан – Қытай бағытында үш газ құбыры арқылы түркіменнің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы кен орындарынан көгілдір отын тасымалданып жатыр. Осы келісімшарт аясында төртінші елдің бұл жобаға қатысуы қарастырылмағанын, «Қытайға тасымалдау бойынша «Түркіменстан-Қытай» газ құбыры жобасына қатысушы құрамды кеңейту туралы жоспар жоқ екенін алға тартқан.
Бұл үш құбыр да Қытай-Түркімен ынтымақтастығы аясында, «Түркіменгаз» және қытайлық CNPC компаниясының қолдауымен жүргізілген. Бұл құбырлар арқылы ірі газ жөнелтуші Түркіменстан болып отыр. Жылына тасымалданатын 55 млрд текше метр газдың 40 млрд-ы түркімен газы болса, қалған көлемді Қазақстан мен Өзбекстан өзара бөліскен.
Түркіменстан бұл салада Еуропамен ықпалдасуға бейім екенін аңғартқан еді.
Айта кету керек, Қазақстан Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев былтыр маусым айында өткен Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында «Росатом», «Газпром» және «ИнтерРАО» компанияларымен кездесу өткізген еді.
«Газпром» Басқарма төрағасы Алексей Миллермен кездесуде «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылғанын, газды жеткізу, өңдеу және тасымалдау саласындағы ынтымақтастық талқыланғанын» хабарлаған болатын.