ҚТЖ-ға қарасты еншілес ұйым филиалының экс-директоры 50 мың доллар көлемінде пара алған
Антикор «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еншілес ұйымы – «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Отын ресурстары орталығы» филиалының бұрынғы директорына қатысты ақпаратпен бөлісті.
ОРО филиалының батыс дивизионының экс-директоры жанармай қоймаларының бірінің бастығының міндетін атқарушыдан осы лауазымға бекіткені үшін 50 мың доллар алған.
Тексеріс кезінде жанар-жағармай есебі дұрыс жүргізілмегені белгілі болды. Осыған байланысты «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-ға отын қоймаларында ЖЖМ қабылдау, босату және сақтау процестерін цифрландыру ұсынылды. Филиалдың басшы лауазымдарына конкурс өткізу арқылы тағайындау қажеттігі қаперге салынды. Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымын, тауар-материалдық құндылықтарды жымқыруға тосқауыл қою үшін бағдарламалар бекітілді.
Агенттік шығыс дивизионның басшылары жазаланғанын мәлімдеді.
«Жіберілген бұзушылықтар үшін жабдықтар жөніндегі қаржы директоры және ОРО филиалының Шығыс дивизионының бұрынғы бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
2020 жылы Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «ҚТЖ ҰК – Жүк тасымалы» АҚ – «БП Қарағанды бөлімшесі» филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Олар қызметкерлерге іссапар шығындарын негізсіз аударып отырған.