Sulpak негізін қалаушылардың бірі Андрей Пак өмірден өтті

Жарияланды
Фото: жеке архивтен

Танымал кәсіпкер, Sulpak қазақстандық бренд негізін қалаушылардың бірі Андрей Пактің жаназа рәсімі Алматыда 13 қыркүйекте өтпек.

Ол 1964 жылы Алматыда өмірге келген. Мәскеудің Электронды техника институтында оқыған. Екі жыл жүйетехникасы бойынша инженер болып Қазақ ССР-інің Ғылым академиясының Сейсмология институтында жұмыс істеді. Пак бизнеске 1989 жылы келді. 1992 жылы Sulpak компаниясын Алмас Сұлтанғазинмен бірге құрды. Компания атауы құрылтайшыларының алғашқы буындарынан құрылған.

1995-1997 жылдары Пак Мәскеуде Sulpak-тың еншілес мекемелерін ашты. Екі жыл АҚШ-тың Калифорния штатында тұрып, нарықтық қатынастарды игерді.

2001 жылы Алматыға қайта оралып, Ресейде және АҚШ-та жиған тәжірибесін пайдаланып, еліміздің барлық аймағында электронды және тұрмыстық техника сататын дүкендер желісін құрды.

Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша, «Arena S»  ЖШС (Sulpak) 2023 жылы Қазақстанның ең ірі 50 компаниясының тізімінде сегізінші, ал Алмас Сұлтанғазиннің өзі ең бай кәсіпкерлердің рейтингінде 53-орын алды. Ашық деректер бойынша, «Arena S»  ЖШС-ның қазіргі иелері – Алмас Сұлтанғазин және ресейлік кәсіпкер Игорь Яковлев.

Сондай-ақ оқыңыз