Жылына 100 млн тоннадан асады: Қазақстан алдағы жылдары мұнай өндірісін арттырмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media

Қазақстан 2025-2029 жылдары мұнай өндірісін арттыруды жоспарлап отыр. Ұлттық экономика министрлігінің есебі бойынша, 2025 жылы өндірілетін мұнай көлемі 97,2 млн тоннаға жетпек. Бұл биылғы көлемнен 7 млн тоннадай артық.

2023 жылы елде 90 млн тонна мұнай өндірілсе, биылғы жоспар – 90,3 млн тонна. «Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына» сәйкес, алдағы жылы кен орындарынан 97,2 млн тонна мұнай алынбақ, Одан кейінгі жылдары да мұнай өндірісі арта түседі:

  • 2026 жылы – 101,5 млн тонна;
  • 2027 жылы – 105,5 млн тонна;
  • 2028 жылы – 103,9 млн тонна;
  • 2029 жылы – 104,8 млн тонна.

Елдің даму болжамында мұнайдың кесімді бағасы: 2025 жылы барреліне – 42,3 доллар, 2026 жылы – 41 доллар, 2027 жылы – 39,4 доллар деп белгіленген. Негізгі сценарий бойынша, алдағы бесжылдықта орташа бағасы барреліне 75 доллар көлемінде қалыптасады деп жоспарланған.

Тамыз айының соңында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында Қазақстан 2029 жылы мұнай өндіруді 104,8 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.

Маусымда ОПЕК+ 2024 жылдың соңына дейін мұнай өндірісін қысқартуды ұзартуға келіскен болатын. Бірақ бұл үдерісті 2025 жылы кезең-кезеңімен тоқтата бастайды.

Ал 10 қыркүйекте Brent маркалы мұнай кейінгі 3 жылдағы көрсеткішінен қатты арзандады. Шикізат бағасы барреліне 69,72 долларға дейін құлдырады.

TENGENOMIKA телеграм-арнасы мұнайдың арзандауына АҚШ пен Қытай нарығындағы мұнайға деген сұраныстың төмендеуі, ОПЕК+ ұйымының жыл соңына дейін мұнай өндірісін үдетуі себеп болғанын жазады.

Сондай-ақ оқыңыз