Ұялы байланыс қызметіне жұмсалатын қаражат көлемі күрт азайған
Тамыз айында ұялы байланыс қызметіне 18,8 млрд теңге жұмсалған. Бұл көрсеткіш – 2023 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 10,6%-ға аз.
DATA HUB талдауына сай инфляцияны есепке алсақ, шығын көлемі 21,3%-ға күрт азайған. Осындай үрдіс соңғы 8,5 жылда алғаш рет байқалып отыр. Оған кейінгі уақытта ұялы байланыстың бағасының тез өсіп жатқаны әсер еткенін байқауға болады. Атап айтқанда, тамыз айындағы есеп бойынша бір жылда тариф 20,9%-ға қымбаттады.
Жыл бойына нақты шығындар тамыз айында ең көп төмендеді. Бірақ қалған жеті айдың қорытындысы бойынша да құлдырағанын ескеру керек. Жалпы 2022 жылдан бастап төмендеу тенденциясы байқалды.
2023 жылы ұялы байланыс операторлары тарифті 60%-ға дейін көтеріп жіберген. Бұл жайлы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында депутат Елнұр Бейсенбаев айтты.