Қытай өз автоөндірушілеріне Ресейге инвестиция салу тәуекелдері туралы ескертті
Қытай өз автоөндірушілеріне Ресейде зауыт салу тәуекелдері туралы ескертті. Бұл жайлы Reuters басылымы жазды.
Басылым мәліметінше, Қытай автомобиль өндірушілеріне шетелдерге инвестиция құюда тәуекелдерді ескеруге шақырған. Бұл орайда инвесторлар үшін тиімсіз ел ретінде Ресей аталған.
«Қытайдың Сауда министрлігі жақында өткен жиналыста елдің автомобиль өндірушілеріне шетелдегі автомобиль өнеркәсібіне инвестиция салудың тәуекелдері туралы ескертті, Министрлік жергілікті автоөндірушілерді Үндістанға инвестиция салмауға шақырды. Әсіресе, Ресей мен Түркияға инвестиция салуда сақ болуға шақырды», – деп хабарлайды басылым өзінің сенімді дереккөзіне сілтеме жасап.
Сонымен бірге көрші ел үкіметі Еуропа мен Таиландты инвестиция үшін тиімсіз аймақ ретінде белгілеген. Ел үкіметі автомобиль өндірушілеріне геосаяси мәселелерден туындайтын ықтимал тәуекелдерді азайту үшін Қытайдан экспортталатын компоненттерді пайдалана отырып, көлік құралдарын түпкілікті құрастыру үшін шетелдегі зауыттарды пайдалануды ұсынған.
Басылым Қытай мен Үндістан арасы 2020 жылдан бастап суығанын хабарлайды. Екі ел Гималай тауларындағы даулы жерлерге қатысты бір шешімге келе алмаған. Содан бастап Үндістан Қытайдан келетін инвестицияға тосқауыл қоя бастаған. Ал елде басталған ірі қытайлық жобаларды тоқтатқан.