Алтын бағасы рекордтық көрсеткіштерге жетті: қауіпсіз активке сұраныс артқан

Жарияланды
Сарапшылар алтын бағасы 2025 жылы унциясы үшін 3000 долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды / Фото: kursiv.media

Алтын бағасы жаңа рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қымбат металға сұраныстың өсуіне геосаяси шиеленістер мен АҚШ Федералды резервтік жүйесінің жақын арада мөлшерлемені төмендететіні жөніндегі ақпарат әсер еткен.

Чикаго тауар биржасында (CME) алтынның желтоқсандағы келісімшартының құны 1,17%-ға өсіп, бір унция үшін 2 572,3 долларды құраған. Бұған дейінгі рекорд тамыздың ортасында тіркелген. Ал ол кезде алтын құны 2570,4 долларға дейін көтерілген.

Өткен жылдың шілдесінен бері АҚШ Федералды резервтік жүйесі өзінің негізгі пайыздық мөлшерлемесін 5,25-5,5% диапазонында сақтап қалған. Бұл – соңғы он жылдықтағы ең жоғары деңгей. Алдағы уақытта ФРЖ мөлшерлемені төмендетеді деген болжам бар. ING сарапшылары ФРЖ жақын арада мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендетеді деп болжайды. Жалпы сарапшылар ФРЖ мөлшерлемесі келесі жазға дейін 3,5% шамасында болады деп болжап отыр.

Ал 2024 жылдың басынан бері алтын бағасы 20%-дан астам қымбаттаған. Бұл жағдайға Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістердің күшеюі айтарлықтай әсер еткен. Геосаяси ахуалға байланысты инвесторлардың қауіпсіз активке деген қызығушылығы артқан.

Сарапшылар бұл металл түрі АҚШ-тағы сайлау мен Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропадағы геосаяси шиеленістің күшеюі жағдайында қауіпсіз актив ретінде тартымды болып қала беретінін айтады.

Ал ING сарапшылары бағалы металдың қымбаттауы енді ғана басталғанын айтады. Олардың пікірінше, АҚШ-тың ондаған жылдардағы ең көп күткен пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі қыркүйекте алтын бағасына жаңа серпін беруі мүмкін.

ING болжамы бойынша, биылғы жылдың соңына қарай алтынның орташа бағасы бір унция үшін 2580 доллар көлемінде болады. Ал 2025 жылы, қымбат металға деген сұраныс артып, оның орташа бағасы бір унция үшін 2700 долларды құрайды деп болжанады.

Ал Citi сарапшылары 2025 жылдың ортасына қарай алтын бағасы бір унция үшін 3000 долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжап отыр.

Айта кетсек, тамыздың ортасында алтын бағасы 2500 долларға дейін көтерілген болатын. Сол кезде TD Securities сарапшысы Барк Мелек алтын бағасы алдағы тоқсандарда бір унция үшін 2700 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз