Теріскейге көш тоналып жатыр: прокуратура мемлекетке 1 млрд теңге зиян келгенін хабарлады

Жарияланды
Солтүстік өңірге көш тоналып жатыр ма? /Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Прокуратура азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына бөлінген қаражатты тексеріп, жалған құжаттар, жалған қоныс аудару деректерін анықтап отыр. Мемлекетке кемі 1 млрд теңгеден астам шығын келген. Прокурорлар 20 сотқа дейінгі істі бастады.

«Ақша жымқыру үшін түрлі құйтырқы әдістер қолданылған. Мәселен, қоныс аударушылар тізіміне жалған адамдар есепке алынған. Ал құжаттарды төмен бағамен сатып алынған, бірақ адам тұруға жарамсыз, апатты ғимараттарға рәсімдеген. Кейбір жағдайларда ол азаматтар өздерінің «қоныс аударғанын» білмеген де», – деп хабарлайды прокуратура.

Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында анықталды.

«Павлодар облысының Успен ауданында «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің пысықай қызметкері арзан үйлерді тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатуды ұсынып, мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдырып отырған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, орталықтың қызметкері үйқамаққа алынды», – дейді құзырлы орган.

Прокуратура мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында да қоныс аударушылар мен сатушылар арасында да жымысқы әрекеттер анықталып отыр. Олар мемлекеткен көмек алу үшін жалған келісімшарттар жасап, түскен ақшаны бөлісіп алған. Бірақ ол үйде ешкім тұрмаған.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының Мәмлүт ауданында қоныс аударушы үйдің нақты бағасы мен мемлекеттен төленген қаражаттың арасындағы айырмашылықты иемденіп алған. Күдікті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та айтқан болатын.

«Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында қоныс аударушыларға бірқатар жеңілдік ұсынылған болатын. Атап айтқанда:

1) көшуге арналған субсидия –  әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде;

2) отбасы мүшелерінің санына және елдімекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайын берілетін субсидиялау;

3) қысқа мерзімді кәсіптік оқыту;

4) жұмысқа орналасу немесе кәсіп бастауға жәрдемдесу. 

Сондай-ақ оқыңыз