ҰЭМ республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттерді қадағалау тетігін күшейтеді

Жарияланды
Министрлік республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттерге мониторинг жүргізеді / Фото: kursiv.media

Ұлттық экономика министрлігі республикалық бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері мен кредиттер есебінен іске асырылатын республикалық бюджеттік инвестициялық жобаларды қадағалауды қатайтпақшы. Бұл жайлы министрліктің «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған құжатында жазылған.

Министрлік осы өзгерістер негізінде «Мемлекеттік инвестициялық жобалар» модулі арқылы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуына мониторинг жүргізу және бағалау процесін автоматтандыруды көздеп отыр.

Құжатқа сәйкес бюджеттік бағдарламалар әкімшілері (ББӘ) бюджеттік инвестициялық жобалардың (БИЖ) іске асырылу мониторингінің нәтижелерін қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі арқылы ұсынып отырады. Ал қолданыстағы қағидаларда мұндай шарттар қарастырылмаған.

Сонымен бірге ұсынылатын есептілік сапасын арттыру және мониторинг жүргізу процесін күшейту мақсатында, республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері республикалық және жергілікті БИЖ-ді іске асыру мониторингі бойынша есептерді мемлекеттік органның ресми интернет-ресурстарында тоқсан сайын жариялап отыруы керек.

«Есептілік нысандарын оңтайландыру және біріздендіру, мониторинг процесін цифрландыру, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингінің нәтижелерін міндетті түрде жариялау арқылы ұсынылатын есептіліктің сапасын арттыру және мониторинг жүргізу процесін күшейту көзделеді», – делінген құжат түсіндірмесінде.

Ал мониторинг жүргізу процесін күшейтпеген және тиісті есептілікті уақтылы ұсынбаған бюджеттік бағдарламалар басшылары үшін жауапкершілік қарастырылған. Олар республикалық және жергілікті БИЖ-ді іске асыру мониторингін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға уақтылы өткізіп отыруы керек.

Бюджеттік инвестициялық жоба және инвестициялардың іске асырылуын бағалау сәйкесінше объект пайдалануға енгізілгеннен кейін жүргізіледі. Ал егер БИЖ белгіленген мерзімдерде пайдалануға енгізілмеген жағдайда республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері немесе жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері БИЖ-дің іске асырылуын бағалау бойынша ақпаратты объекті пайдалануға енгізілгеннен кейінгі жылдары мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға ұсынуы тиіс.

Дәл солайша квазимемлекеттік сектордың бірінші басшылары да республикалық және жергілікті Инвестициялардың іске асырылу мониторингін уақтылы жүргізуді және оның нәтижелерін Қағидаларда бекітілген мерзімдерде бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне ұсынып отыруы қажет.

Сондай-ақ оқыңыз