«Өлім мен салықтан қашып құтыла алмайсың»: Қаржы вице-министрі қорғаныс саласына қаражат қайдан алынатынын айтты

Жарияланды
Біржанов елдің қорғаныс саласына бөлінетін қаражат көлемін салықты реттеу арқылы көбейтуге болатынын айтты / коллаж kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов елдің қорғаныс саласына ЖІӨ-ге шаққанда қаражаттың не себепті аз бөлінуінің себебін түсіндірді. Министрлік өкілі Салық кодексі реттелген соң, салаға бөлінетін қаражат көлемі өсуі мүмкін екенін айтады.

Сенат кулуарында журналистер вице-министрден елдің қорғаныс саласына не себепті қаражат аз бөлінетінін сұрады. Біржанов ол үшін салықтық базаны реттеу керек деп санайды.

«Бізге салықтық базасын реттеу керек. Өйткені қаржыландыру үшін ақша бір жерден алынуы керек қой. Орта және шағын бизнестен салық ретімен түсіп отырса, қорғанысқа толық мөлшерде қажетті қаражатты бөлуге болады», – дейді министрлік өкілі.

Вице-министр қазіргі бюджет есебінен қорғаныс саласының базалық қажеттіліктері толығымен жабылып отырғанын айтады. Яғни мемлекет әскерилердің тамағы мен киіміне, қаруы мен оқ-дәрісіне, жалақысына қатысты міндеттемелерді орындап отыр.

Десе де министрлік өкілі бір Салық кодексі арқылы мәселенің толық шешілмейтінін айтады. Ол үшін барлық салаға бөлінетін қаражатты оңтайландыру керек деп санайды. Себебі кей салаларда қаражаттың орынсыз жұмсалуына жол беріледі.

«Салықтық базаны ғана реттеп, жағдай түзеліп кетеді дей алмаймыз. Бюджет шығыстарын реттеп, барлық салада оңтайландыру жұмысын жүргізу керек. Мәселен, кеше білім мен медицина саласында заңсыз қаржы жұмсалу фактілері бар екені айтылды. Бұл – мемлекеттің ақшасы. Сондай олқылықтардың алдын алу үшін тексеруді күшейтіп, цифрландыру жүргізу керек. Осындай тетіктерді қолдана отырып үнемделген ақшаны қорғанысқа бағыттауға болады», – дейді Біржанов.

БАҚ өкілдері қорғаныс саласына ЖІӨ-нің 1%-ы деңгейінде қаражат бөлу туралы тапсырма түссе, оны орындау мүмкіндіктері жөнінде сұрады.

«Бұл жалпы мүмкін бе? Оған қаражатты қандай резервтен аласыздар?»,– деген сауал қойды.

Біржанов бұл талапты қазір орындау қиынға соғатынын атап өтті. Әйтсе де, болашақта қорғаныс саласына бөлінетін қаржыландыру көлемін арттыруға болатынын жеткізді. Ол үшін тағы да салықтық дисциплина керек. Бизнестің салықтық міндеттемелерді орындаудағы жауапкершілігін арттыру керек.

«Мұндай талапты қазір орындау мүмкін емес. Кеше өзіңіз естідіңіз, бюджеттік шығыстардың 38% пайызы тек әлеуметтік салаға жұмсалатыны айтылды. Осы саланы оңтайландыру керек. Сондай тетіктер көмегімен біз қорғаныс саласын қаржыландыруды ЖІӨ-ге шаққанда 1% деңгейіне жеткізе аламыз», – дейді ол.

Сонымен бірге Біржанов Салық кодексінен бөлек, трансферттік бағаларды реттеу тетігі өзгеріп, цифрландыру енгізілгені, валюталық қадағалау күшейгенін айтты. Мұның барлығы бюджеттің кірісі мен шығысын реттеуге мүмкіндік береді.

«Біз бұл тетіктер арқылы бизнес өкілдерінің қай жерде салық төлемей отырғанын көре аламыз. Жалпы «өлім мен салықтан қашып құтыла алмайсың» дейді. Сондықтан кәсіпкерлер салықтан қашпауы керек. Өйткені ол қаражат мемлекеттің перспективалы бағыттарына жұмсалады. Бірақ біз барлық кәсіпкерлер салықтан қашады деп айта алмаймыз. Олардың кейбірі заңды білмеуі мүмкін, енді бірі бухгалтерсіз кәсіп жүргізеді. Сондықтан да министрлік тарапынан кәсіпкерлерге жағдай жасау тетіктері ұсынылып жатыр. Атап айтқанда, олардың декларация толтыруын жеңілдетіп, ай сайынғы төлемдерін жүргізуі үшін сервистік қызметтерді қолжетімді етіп жатырмыз. Осыдан кейін салық төлеуден жалтарса, біз тиісті шаралар қолданамыз», – дейді Біржанов.

Еске сала кетсек, кеше 12 тамызда 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылуы кезінде депутат Ермұрат Бапи қорғаныс саласына қаражат тым аз бөлінетінін айтты. Ол геосаяси ахуалдық шиеленіскен тұсында ел қорғанысына айтарлықтай көңіл бөлінуі керек деп санайды. 2025 жылғы Қорғаныс министрілігінің бюджеті жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,68%-ды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз