Азаматтарда декларацияда расталмаған актив пайда болса, Салық комитеті тексереді – Қаржы министрлігі

Жарияланды
декларацияда
Азаматтарда декларацияда расталмаған мүлік пайда болса және мобильді аударымдары 100-ден асса, Салық комитеті тексереді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Егер Қазақстан азаматтарында декларацияның 250.00 нысанын тапсырған соң, онда көрсетілмеген және ақшалай кірісімен расталмаған мүлкі анықталса, Салық комитеті оның қайдан келгенін тексереді. Бұл жайлы Сенат кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.

Журналистер министрлік өкілінен мобильді аударымдарға қатысты Салық комитеті камералдық бақылауды қалай жүргізетінін сұрады.

Біржанов мұндай бақылау жауапты органдар берген деректер негізінде жүргізілетінін айтты. Егер мобильді аударымдар саны 100-ден асса, Салық комитеті ондай азматтарға бірден хабарлама жібереді.

«Әрине, біз екінші деңгейлі банктерден осындай деректер алсақ, ол адамға хабарлама жібереміз. Салық комитеті мобильді аударымдардың тарифтен асып кеткені туралы ескертеді. Өйткені өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Егер сол аударымдар негізінде оның тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысқаны белгілі болса, оған 30 күннің ішінде салықтық есепке тұрып, салық төлеу міндеттеледі»,  – дейді вице-министр.

Сонымен бірге Біржанов азаматтарда декларацияда көрсетілмеген қымбат мүлік пайда болса, камералдық бақылау жүргізілетінін айтты.

«Біз барлық жауапты органның деректерін алған соң, камералдық бақылау жүргіземіз. Мәселен, заңды немесе жеке тұлғада декларация тапсырғанда активтері болмаған болса, ал 2026-2027 жылдары ол адам қымбат актив сатып алса, осы сәтте камералдық бақылау іске қосылады. Мұндайда да Салық комитеті арнайы хабарландыру жібереді. Ол азаматтың ақша айналымында бұл көлемдегі табыс көзі көрсетілмегенін, оны декларацияда көрсетіп, салық төлеуі қажет екенін ескертеді. Яғни декларация тапсырушының ақша айналымында теңгерімсіздік болса, Салық комитеті тексеріс жүргізеді», – дейді Біржанов.

Сонымен бірге жиында, министрлік өкілі биыл декларация тапсыруы тиіс кәсіпкерлердің 14%-ы салық есебін өткізбегенін айтты. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 2,4 млн адам 250,00 нысаны бойынша есеп беруі керек. Қазіргі кезде 2,1 млн адам тапсырып үлгерген. Ал 300 мыңға жуығы әлі есеп бермеген.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар мен қатысушылар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары 250.00 нысан бойынша активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыра бастады. Ал 2025 жылдан бастап декларация жалпыға бірдей болады.

Қазақстанда декларация тапсыру тәжірибесі 2021 жылы енгізілді. Осылайша Үкімет көлеңкелі экономикамен және жемқорлықпен күресуді көздеп отыр. Декларация тапсыру арқылы азаматтар мүлкінің таза жолмен келгенін дәлелдейді.

Сондай-ақ оқыңыз