Қазақстанның ҰҚК қызметкері қырғыз көпаршысына қысым көрсеткен бе – комитет жауабы

Жарияланды
ҰҚК көкпарда қырғыз ойыншысына қысым көрсетілгені туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әлеуметтік желіде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметшісі қырғыз көпаршысына қысым көрсеткені туралы ақпарат тарады. Осыған орай ҰҚК баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

«2024 жылғы 12 қыркүйекте БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Қырғызстан құрамасының көкпар ойыншысына ҰҚК қызметкері қысым көрсеткені туралы ақпарат таралды. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, комитет қызметкерлері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатыстырылмаған. Осы орайда ҰҚК тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.

Еске сала кетсек, Астанада 6-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастырылды. Бұл сайыстың ашылу салтанаты 6 қыркүйек күні өткен болатын.

Кеше 12 қыркүйек күні V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ көкпаршылары чемпион атанды. Тартысты ойында 5:4 есебімен Қазақстанның көкпаршылары жеңіске жетті.

Айта кетейік, көкпарға 9 мемлекет – Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия мен Түркия командалары келді.

Сондай-ақ оқыңыз