Қаржы министрлігі құны 3,5 трлн теңге стрестік активтерді e-Qazyna.kz платформасы арқылы сатуды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
стрестік активтер
Қазақстандағы стрестік активтер сомасы қанша? / Архив: kursiv.media

Қаржы министрлігі банктер мен МҚҰ-лардағы стрестік активтерді экономикалық айналымға тарту тетігін ұсынды.

Стрестік активтер – негізінен екінші деңгейлі банктер балансындағы, проблемалық несиелер қорындағы және стрестік активтерді басқару ұйымдарындағы жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, өндірістік объектілер мен жабдықтар түріндегі проблемалық несие мен өндіріп алынған мүліктер. Қазақстанда бұл активтердің жалпы құны 3 – 3,5 трлн теңгенің аралығында.

Ведомство оларды айналымға қосу үшін e-Qazyna.kz платформасындағы Talaptar жаңа сервисін пайдалануды ұсынып отыр.

«Мұнда 10 жылдан бері жекешелендіру шеңберінде республикалық және коммуналды меншік, холдингтер мен банкроттардың активтері саудаланып келеді», – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар осы платформада байланыс операторлары арасында жиілікті бөлу (5G), көмірсутектер мен қатты пайдалы қазбаларды барлау, өндіру құқығына арналған сауда-саттық өткізіледі. Сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды саудаға шығару жоспарланып отыр.

Министрліктің хабарлауынша, сервисте барлық қажетті ресурс бар және цифрлы жүйе ҚР ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызметінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толығымен сай.

«Сондай-ақ электронды сауда-саттықты өткізу бойынша жинақталған тәжірибе аталған платформаның ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бүгінде осы жүйеде 330 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген. Түрлі ақпараттық жүйелер және дерекқорлармен 30-дан астам интеграция жүзеге асырылды», – деп түсіндірді ведомство.

Еске сала кетсек,  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда стрестік активтерді сатуға арналған цифрлық платформа іске қосылатынын айтқан.

Агенттіктің хабарлауынша, платформалардың алғашқы нұсқалары дайын және тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Әлеуетті операторлар цифрлық платформалардың қызметін заң жобасын сай реттеуде.

Стрестік активтерді төмендету бойынша жоспарлы жұмыс 2017 жылдан бастап жүргізілуде. Осы уақыт ішінде мұндай активтер көлемі 7,7 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін қысқарды. 

Сондай-ақ оқыңыз