АҚШ құпия қызметі Дональд Трампқа қастандық жасамақ болған күдіктіні ұстады

Жарияланды
Күдікті Дональд Трампқа гольф алаңында қастандық жасамақ болған / Фото: shutterstock

АҚШ-тың құпия қызметі Республикалық партиядан президенттікке үміткер Дональд Трампқа қастандық жасамақ болған азаматты тұтқындады. Оқиға жексенбі, 15 қыркүйек күні Флорида штатының Вест Палм-Бичтегі гольф алаңында болған. Бұл жайлы Reuters басылымы жазды.

Басылымның хабарлауынша, қастандық Трампқа гольф ойнап жатқанда жасалмақ болған. Құпия қызмет агенттері бұл алаңға жақын жердегі ағаштардың арасынан қарулы адамды байқап қалған. Агенттер күдіктінің соңына түсіп, бірнеше рет оқ атқан. Алайда күдікті оқиға болған жерден бой тасалап үлгерген. Артынша оның сөмкесі мен қаруы табылғаны хабарланды.

«Күдікті АК-47 автоматы мен басқа да заттарын оқиға орнында қалдырып, көлікке отырып қашып кеткен», деп жазады басылым.

Біраз уақыт өткен соң АҚШ-тың құпия қызметі полициямен біргіп, күдіктіні тапқан. Әзірге оның Трамп жайлы ақпаратты қайдан алғаны белгісіз.

АҚШ-тың CNN, Fox News және The New York Times басылымдары тұтқындалған күдіктінің жасы 58-ден асқан Гавай тумасы – Райан Уэсли Роут екенін анықтаған. Басылымдар осындай есіммен тіркелген әлеуметтік желідегі ақпараттарды ақтарып, күдіктіге тиесілі болуы мүмкін аккаунттарды тапқан. Бірақ бұл пайдаланушылардың нақ Роутқа тиесілі екенін әлі де нақтыланбаған. Десе де, осындай есіммен тіркелген аккаунттардың бірнешеуінен Роуттың Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты позициясын білуге болады. Ол Украина тарапын қолдайтын жазбаларды көптеп жариялап отырған.

Палм-Бич округінің шерифі Рик Брэдшоудың айтуынша, Құпия қызмет агенттері күдіктіні Трамп ойнап жатқан жерден небары 300-400 метр жерде, бұталардың арасынан көріп қалған.

Бұл оқиғадан кейін Трамп өз серіктестеріне электронды хат жолдаған.

«Мен атылған оқ даусын естідім. Бірақ, жалған ақпарат тарамай тұрып, мен өздеріңізге алдын-ала ескертуді жөн көрдім: Мен қауіпсіз жердемін, денім сау», – деп жазған ол.

Бұл қастандық әрекеті жайлы Ақ үйдің баспасөз қызметі мәлімдеме жасап, оқиғадан президент Джо Байден мен вице-президент Камала Харристің хабардар екенін жеткізген.

Өз кезегінде президенттікке кандидат Камала Харрис өзінің Х әлеуметтік желісінде

«Америкада зорлық-зомбылыққа орын жоқ», – деген жазба қалдырған.

Еске сала кетсек, Трампқа Пенсильваниядағы сайлауалды кездесуде қастандық жасалған болатын. Бұл оқиға кезінде ол жеңіл жарақаттанды. Адасқан оқ үш адамға тиген. Салдарынан бір адам көз жұмды, ал екі азамат жарақат алды.

Сондай-ақ оқыңыз