Еуразиялық даму банкінің шолуы: Қазақстан экономикасы тұрақты, Ресейде инфляциялық қысым артқан

Жарияланды
ЕАДБ одаққа мүше елдердің экономикасына шолуын жариялады / Фото: kursiv.media

Еуразиялық даму банкі ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасына шолуын жариялады. Оған сәйкес, Қазақстан экономикасы тұрақты, Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі берген бағалауға сай келеді.

«Қазақстанға берілген егемендік рейтинг республика тәуелсіздігінің барлық жылындағы ең жоғары баға болды. Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының ұзақмерзімді рейтингін Baa2-ден Baa1-ге дейін көтерді, болжамы «тұрақты». Мемлекеттік басқаруды реформалаудағы ілгерілеушілік және экономиканы әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан саясат жоғары рейтинг беруде шешуші рөл атқарды», – делінген банк шолуында.

Банктің мәліметінше, Транскаспий халықаралық сауда жолы бойынша жүк транзитінің өсуі экономикалық өсу мен әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар тәуелсіз рейтингті көтеру туралы шешімге Қазақстанның тұрақты қаржылық көрсеткіштері әсер еткен.

Ал Ресейдің Орталық банкі негізгі мөлшерлемені 100 базистік пунктіге көтеріп, базалық мөлшерлеме көлемі 19%-ды құраған. ЕАДБ мәліметінше, инфляция динамикасы реттеушінің болжамынан жоғары, бұл монетарлық шарттарды қосымша қатайтуды талап етеді.

«Үй шаруашылықтары мен кәсіпорындардың инфляциялық күтулері жоғары деңгейде қалып отыр және өсуді жалғастыруда. Бұл жағдай реттеушінің экономикалық өсудің жалғасып келе жатқан баяулауын есепке алатынын көрсетуі мүмкін. Дегенмен тәуекелдер бұрынғысынша инфляцияға қарсы тәуекелдерге ауысуда, бұл мөлшерлеменің одан әрі өсуін жоққа шығармайды», – делінген ЕАДБ хабарламасында.

Дәл солайша Беларусьтеде инфляция шілдедегі 5,5% жылдық көрсеткіштен кейін, тамызда 6,1%-ға дейін жеделдеген. Банк мәліметінше, өткен айда азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуі 6% жылдық көрсеткіштен кейін тамызда 7,3% деңгейінде қалыптасқан. Баға маусымдық жемістер мен көкөністерге қатысты айтарлықтай өскен. Бұл өнімдердің бағасы шілдедегі 15,1%-ға өссе, тамызда 18,9%-ға артқан. Ал ақылы қызметтер сегментінде инфляция шілде айының деңгейінен аспаған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі шілдедегі 4,5%-дан кейін тамызда 4,4%-ға дейін баяулаған.

«Біз Ресейдегі инфляцияның өсуіне байланысты про-инфляциялық тәуекелдер аясында инфляция жылдың соңына дейін ағымдағы мәндерге жақын болады деп күтеміз», – делінген банк хабарламасында.

Ал Арменияның Орталық банкі 10 қыркүйектегі отырысында қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 0,25%-дық тармаққа төмендеткен. Солайша мөлшерлеме – 7,5%-ды құраған. Бұл шешім тауарлар мен шикізатқа халықаралық бағаның төмендеуі, жалақының өсуінің баяулауы және инфляциялық күту жағдайында қабылданған.

«Елде тұтыну бағасының өсуі шілдедегі 1,4% көрсеткіштен кейін тамызда 1,3% деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның Армения Республикасы Орталық банкінің мақсатты диапазонынан төмен болып қалуын ескере отырып, біз қайта қаржыландыру мөлшерлемесін төмендету циклі жалғасатынын болжаймыз»,- делінген шолуда.

Ал Қырғыз Республикасында ЖІӨ өсімі 2024 жылғы қаңтар-шілдеде 8,7%-дан кейін 2024 жылғы қаңтар-тамызда 6,6% дейін баяулаған. Банк бұл динамиканы қызмет көрсету секторындағы өнім көлемінің өсу қарқынының төмендеуімен байланыстырады.

«Біздің бағалауымыз бойынша, оның ішкі жалпы өнімнің өсу динамикасына қосқан үлесі қаңтар-тамызда 2,8%-дық тармақты, ал қаңтар-шілдеде – 4,4 пайыздық тармақты құрады. Экономиканың негізгі драйверлері құрылыс секторы мен ауыл шаруашылығы болып қалады», – деп хабарлайды ЕАДБ.

Еске сала кетсек, тамыздың ортасында ЕАДБ өз болжамын жариялап, Қазақстанның 2025 жылға қарай ЕАЭО елдері арасында ЖІӨ өсімі жағынан көш бастауы мүмкін екенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз