АЭС салынса, оған қажет мамандарды неміс ғалымдары дайындайды – Саясат Нұрбек
Референдум өтіп, АЭС салынса, ядролық энергетика саласы бойынша мамандарды неміс ғалымдары дайындайды. Бұл жайлы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Министрлік елдің бірнеше жоғары оқу орындарының студенттерін Германияда оқыту бойынша келісімге келген. Оның бірі – Алматы энергетика және байланыс университеті. Екіншісі – Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Үшіншісі – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті.
«Есенов университетінде оқу бағдарламасы 2+1+1 формуласы бойынша жүргізіледі. Ол бойынша студент Қазақстанда – 2 жыл, Германиядағы серіктес университеттердің бірінде – 1 жыл, өндірісте – 1 жыл оқиды. Ал 4 -ші жылы үлкен компания өзінің өндірісін іске қосады. Дуалды форматтағы оқу бойынша, суденттеріміз сол өндірісте жұмыс істейтін болады. Бұл біздің балаларымыз үшін өте жақсы мүмкіндік. Олар екі диплом алады. Біріншісі – Қазақстандікі, екіншісі – неміс университетінікі. Сонымен бірге оқуын аяқтаған студент жұмысқа орналасу жөніндегі кепілдендірілген сертификатқа да ие болады», – деді министр.
Осы орайда журналист энергетика саласының мамандарын даярлау туралы шешімге елдегі АЭС-ке қатысты референдум қаншылықты әсер еткені жөнінде сұрады.
«Сіз энергетикалық университетпен келісім жасалғанын айттыңыз. Бұл шара елде АЭС салу ықтималдығына байланысты қолға алынды ма? Неміс профессорлары ядролық энергетика саласы бойынша да мамандар дайындай ма?», – деген сұрақ қойды.
Саясат Нұрбек энергетика университетінде жылу энергетика жүйелері бойынша мамандарды дайындауға көбірек басымдық берілетінін айтты. Десе де алдағы жылы ядролық энергетика саласының мамандарын дайындау бойынша бағдарламаларды іске қосу жоспарланып отырғанын, бұл орайда неміс ғалымдарының тәжірибесі көп екенін атап өтті.
«Біздің энергетикалық университет базасында құрылатын филиалда негізінен жылу энергетикасы бойынша мамандар дайындау көзделіп отыр. Энергожүйелер мен ЖЭО-ларда қызмет ететін мамандар оқытылады. Бірақ АЭС бойынша мамандар да, даярлануы мүмкін. Өзіңіз білесіз, қазір Германияда ядролық энергетика бойынша бағдарламаларды жапты. Десе де ол елде мықты кадрлар көп. Осы орайда біздің жолымыз болды десек те болады. Мәселен, Анхаль университеті ядролық энергетика саласында білім беретін озық оқу орны саналады. Соған орай біз келесі жылдан бастап біз ядролық энергетика бойынша бағдарламаны да іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді министрлік басшысы.
Бұл университетпен жасалған келісім бойынша студенттер 3+1 бағдарламасы бойынша оқиды. Яғни оқу бағдарламасы 3 жыл Қазақстанда, 1 жыл Германияда ұйымдастырылады. Министрдің айтуынша, оқу форматына қатысты нақты шешім шықпаған, келіссөздер әлі де жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, Қазақстанға Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц ресми сапармен келді. Осы сапар аясында Қазақстан мен Германия тарапы бірнеше бағыттарда серіктестік орнатуды көздеп отыр. Екі тарап энергетика, «жасыл» трансформация, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, экология, ауыл шаруашылығы және білім беру сынды салалар бойынша келіссөздер жүргізбек.