«Неміс өндірісінің Қазақстанға келгенін қалаймыз» – Тоқаев пен Шольц қатысқан форумда не айтылды?

Жарияланды
Шольц қатысқан форумда Президент Германиядан инвесторлар тарту маңызды қадам екенін айтты/ фото Ақорда сайтынан

«Қазақстан – Германия» бизнес форумында маңызды құжаттарға қол қойылды. Форумға қатысқан Президент Тоқаев канцлердің ресми сапары қазақ-герман қатынасының тың өріс алуына септігін тигізеді деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, былтыр екіжақты тауар айналымы 41 пайызға ұлғайып, 3,9 миллиард долларға жетті. Германиядан келетін тікелей инвестиция мөлшері 64 пайызға өсіп, 770 миллион доллар болды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

– Біз жалпы құны 55 миллиард доллар болатын 66 бірлескен инвестициялық жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Германия кәсіпорындары елімізге көбірек келіп, «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» деген ортақ бренд аясында жергілікті өндірісті жолға қояды деп үміттенеміз, – деді Президент.

Германия инвестициялайтын сала көп

Қазақстан 2029 жылға дейін шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту жоспарлап отыр.

– Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін материалдың 19 түрін өндіреміз. Осыған орай Минералдық ресурстар жөніндегі неміс агенттігі (DERA) мен қазақ серіктестері маңызды шикізат саудасы бойынша консорциум құрып жатыр. Біз бұл бастаманың таяу арада нақты іске асуын асыға күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстанда литий элементін қайта өңдейтін зауыт салу үшін барлау жұмыстарын жүргізу туралы жоспарын құптаймыз. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі – 500 миллион доллар. Еліміздің бай ресурс қоры өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды кеңейте түсуге мол мүмкіндік береді, – деді Тоқаев.

Республика аумағындағы шикізат қоры бай. Қазақстан мұнайының 70%-ы Еуропа Одағына жөнелтілді. Ал Германияның мұнай-газ жабдықтары және қосалқы бөлшектері өндірісін елімізде локализациялау – негізгі басымдық.

– Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері секторындағы әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді. Көптеген әлемдік ірі «ойыншылар» бұған көз тігіп отыр. Мысалы, немістің Svevind group компаниясы Қазақстанға 50 миллиард доллар инвестиция салып жатыр. Бұл жобаның мақсаты – «жасыл» сутегін өндіріп, оны Еуропа нарығына сату, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның Германиямен фармацевтика, ауыл шаруашылығы саласында жобаларды жүзеге асыруға ден қойғысы келеді. Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығы герман компанияларына жаңа тетік ұсына алатынын айтты.

Маңызды құжаттарға қол қойылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Канцлері Олаф Шольц қатысқан бизнес форум аясында құжаттарға қол қойылды.

1.Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Германия экономикасы Шығыс комитеті арасындағы Техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Германия бастамаларының Жол картасы;

2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Svevind Energy компаниясы арасындағы «Жасыл сутегі» жобасына байланысты зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;

3. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Siemens» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы өзара түсіністік туралы стратегиялық меморандум;

4. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «Siemens Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен «SKYHANSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы Халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы бойынша жобаны бірлесіп іске асыру жөніндегі негізгі келісім;

6. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «HORSCH Maschinen GmbH» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

7. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «KfW Bankengruppe» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

8. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «CLAAS Global Sales GmbH» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

9. «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК және ГФР Геоғылымдар мен табиғи ресурстардың федералдық институты (BGR) арасындағы ниет туралы меморандум;

10.«Қазақстан даму банкі» АҚ мен Deutsche Bank арасындағы мандаттық хат;

11. «Qazaq Kalium Ltd.» АҚ және KfW Bankengruppe, Euler Hermes Group арасындағы «Батыс Қазақстан облысындағы «Сәтімола» кен орны базасындағы калий тұздары мен бор қышқылын өндіретін байыту-өндірістік кешенін салу» жобасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум;

12. «Агромашхолдинг» АҚ және Amazonen-werke h. Dreyer Se & Co.Kg. арасындағы Қостанай облысында «Condor» сепкіштерін бірлесіп өндіру бойынша жобаны іске асыру жөніндегі келісім.

Сондай-ақ Германия Федеративтік Республикасы делегациясының сапары шеңберінде екі елдің түрлі орталық және жергілікті мемлекеттік органдары, бизнес құрылымдары арасында 23 құжатқа қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз