Басына оқ тиген: Арыс горнизонының әскери қызметкері ауыр халде ауруханаға жеткізілген

Жарияланды
Алдын ала мәлімет бойынша әскери қызметкер тұрмыстық жағдайға байланысты өзіне қол жұмсамақ болған / Фото: kursiv.media

Әлеуметтік желіде 16 қыркүйек күні түнде Арыс горнизонының әскери қызметкері басына оқ тиіп, ауыр халде ауруханаға жеткізілгені туралы хабар тарады. Ефрейтордың жағдайы нашар екені айтылды. Осыған орай «Курсив» Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдаған болатын.

Қорғаныс министрлігіне қарасты Шымкент горнизонының баспасөз қызметінің хабаралуынша, әскери қызметкер травматикалық қарудан жарақат алған.

«16 қыркүйекте тәуліктік кезекшілікті атқару кезінде Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша істейтін әскери қызметкері травматикалық қарудан басынан жарақат алды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметкер отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

Аудандық ауруханаға жеткізілген әскери қызметкердің жағдайы қазір тұрақты-ауыр деп бағалануда.

«Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдайы тұрақты-ауыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жарақат алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу іс-шаралары жүргізілуде», – деп хабарлайды Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі.

Соңғы күндері әскерилер арасында оқыс оқиғалар жиілеп кетті. 7 қыркүйек күні Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында жас сарбаз Марат Барқұлов бетіне оқ тиіп қайтыс болды. Бұл оқиғадан кейін взвод командирі қасақана кісі өлтірді деген күдікке ілінді. Тергеу барысын Бас әскери прокуратура ерекше бақылауға алды.

Ал 13 қыркүйек күні Алматыда Әскери институтта сержанттың мәйіті табылды. 44 жасар сержант та өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін екені айтылды. Осыған орай «Өзіне қол салуға жеткізу, өзін-өзін өлтіруге ықпал ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Сондай-ақ оқыңыз