Орталық Еуропа тасқын зардабын тартуда: Польша Еуроодақтан көмек сұрады

Жарияланды (жаңартылды )
Польша Еуроодақтан көмек сұрады /Фото: NewsLubuski.pl

Орталық Еуропа су тасқынымен күресуді жалғастыруда. Польша, Чехия, Словакия, Румыния и Аустрияда нөсер жауып, елдімекендерді су басты.

Euronews мәліметі бойынша тасқын кезінде қаза тапқандар саны 18-ге жетті.

Польшаның премьер-министрі Дональд Туск Еуроодақтан қаржылай көмек сұрады. Тасқын салдарын жоюға 1 млрд еуродан астам қаражат керек. Туск ең болмаса қосымша жұмыс күшін жіберу, жабдық жағынан көмектесу де мәселені тезірек шешуге септесетінін айтты. Оған жауап ретінде Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен басқа мемлекеттерді қолдау көрсетуге шақырды.

Польша, Чехия және Аустрияның бірнеше аймағының тұрғындары эвакуацияланды. Олардың көпшілігі Аустриядағы Tulln көрме орталығын паналады.

Ал Польшада Ныса Клодзка өзенінің құмды жағалауын нығайтуға 5 мыңнан астам әскери қызметкер жіберілді.

Метеорологтар Чехияның оңтүстігіндегі өзен деңгейі күні бойы төмендейді деп күткенімен, тұрғындарды тасқыннан сақтандыру тыйылған жоқ.

Словакияның ішкі істер министрі Матус Шутай-Эшток жағдайдың жақсарып келе жатқанын, бірақ су тасқынының салдарын жою жұмыстары әлі аяқталмағанын айтты.

Жексенбіге қараған түні күшті су тасқынының салдарынан Аустрияның кейбір бөліктерінде теміржол қозғалысы тоқтатылды және Венадағы метро жартылай жабылды. 

Сондай-ақ оқыңыз