Қазақстандағы айлық Палестинадағы жалақыдан аз болып шықты
Numbeo рейтингі бойынша, Қазақстан жалақы көлемінен әлемде 67-орынды иемденіп отыр. Онда 17 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстандағы жалақы 581,26 доллар деп көрсетілген.
Түркияда жалақы көлемі 706,84 доллар көлемінде. Бір қызығы, Палестина, Үндістан, Таиланд, Шығыс Еуропадағы ең кедей елдер Солтүстік Македония, Армения, Молдова елдерінде айлық Қазақстаннан едәуір жоғары.
Жақсы жалақы төлейтін елдерге тоқталсақ, Швейцария көш бастап тұр. Халқы 7216,85 доллар көлемінде айлық алады екен. Одан кейін картадан қарасаң, іздеп табу қиын, құртақандай ел Люксембургтің халқы ауқатты тұрады. Тұрғындары айына 6091,11 доллар алады. Үшінші орынға 4522,32 жалақы көрсеткішімен АҚШ жайғасқан.
Алғашқы ондыққа Сингапур, Қатар, Гонконг (Қытай), Дания, Аустралия, Нидерланды және Норвегия елдері кіріп отыр.
Нигерия, Египет және Куба елдері тізімнің соңында тұр. «Бостандық аралындағы» жалақының бары-жоғы – 37,60 доллар.
Айта кету керек, Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында 2029 жылы қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 573 мың теңгеден асуы мүмкін екені айтылған.