Қазақстанда ақбөкендердің саны 4,1 млн-ға жетті. Бұл әлемдік популяцияның 99%-ы – Экология министрлігі
Ақбөкендерден ауыл шаруашылығына 10-12 млрд теңге шығын келген. Бірақ ел Үкіметі оларды атудың орнына, ауылдар мен шаруа қожалықтарын қорғауға көмектесу туралы шешім қабылдады. Себебі әлемдік ақбөкен популяцияның 99%-ы Қазақстанда мекендейді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.
«Егер бізде бұған дейін 21 мың бас киік болса, бүгінде олардың саны 4,1 млн-нан асты. Оның 2,8 млн-ы Батыс Қазақстан облысында. Бұл мемлекет осы жануардың популяциясын сақтап қалу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдағанын меңзейді», – деді министр.
Сондықтан елде оларды ату тоқтатылған.
«Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерлерін қорғауға көмек көрсетуге басымдық беріп жатырмыз», – деді Нысанбаев.
Министрдің айтуынша, ақбөкеннің мұндай популяциясы ешбір мемлекетте жоқ.
«Оның популяциясының 99%-ы Қазақстан аумағында. Мұндай ешбір елде жоқ. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралардың арқасы. Көптеген заңнамалық шаралар қабылданды», – деді министр.
Еске сала кетсек, елімізде 1999 жылдан бері киік санының күрт азаюына байланысты ақбөкендерді атуға 2024 жылға дейін тыйым салынған. Алайда 2023 жылы ақбөкен саны күрт артты. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыра бастады.
Осылайша киіктер шаруаларға 12 млрд теңгеге жуық шығын әкелген. Нәтижесінде билік олардың санын азайту туралы шешім қабылдады. Бұл ретте екі әдіс ұсынылды. Біріншісі – күндізгі уақытта тор орнату, екіншісі – түнде ату әдісі.
Алайда бірінші әдіс іске аспай, екіншісі таңдалып, елде ақбөкендерді атуға рұқсат белілді. Ал 2024 жылғы ақпанда елде ақбөкендерді атуға тыйым салынды.