Мұғалімдердің сенімді серігі: жасанды интеллект қосылған үздік EdTech жобалар
Білім саласында оқушыларды қызықтыруға, талпынысты арттыруға көмектесетін түрлі платформа бар. Шетелдіктер жасанды интеллект қосып, тіпті жемісті жобалар жасаудан алдына жан салмайды. Біздің нарыққа әлі келе қоймаса да, халықаралық деңгейде мойындалған, ерекше EdTech жобаларға шолу жасағанды жөн көрдік.
Merlyn Origin
Сабақта мұғалімнің мойнына артылатын жүк көп. Бір уақытта әрі сабақ түсіндіріп, әрі тақтаға жазып, әрі презентацияларды қосып, әрі балаларды бақылап отыру керек. Ұсақ-түйекке уақыт құртпас үшін Merlyn Origin деген жасанды интеллект көмекші ойлап табылған. Үлкен тілдік модель арқылы үйретілген көмекші «Яндекс. Алиса» сияқты жұмыс істейді. Бірақ білім саласына арналған. Компьютер мен интерактив тақтаға қосылады. Сабақ беріп отырғанда өзі істемес үшін ЖИ-ге мұғалім тапсырма беріп отырады. Мысалы презентацияны ашып, көрсетеді. Интернеттен видео тауып қосады. Таймер орнатады деген және т.б. Пульт пен дауыспен басқара бересіз. Сабақ жоспарын генерациялап, жұмыстарды бағалау критерийлерін жасап, баға қоя алады.
Cypher AI 360
Сапалы авторлық курс жасау оңай шаруа емес. Оған көп уақыт пен күш салу керек. Мұндайда мұғалімдерге Cypher AI 360 курстар конструкторы көмектесе алады. Түрлі ЖИ-технология базасында жұмыс істейді. Соның ішінде ChatGPT де бар. Бұл бағдарлама курсты материалдан жинақтап жасап қана қоймай, күрделілік деңгейі, тіл стилі, дыбыстау, сурет, геймификация элементтері және т.б баптауларға қарай генерациялайды. Сонымен бірге нейрон желісінің дұрыс жасағанын тексеруге де болады. Егер әлдебір қате кеткені анықталса, онда басқаша қалай беруге болатынын ұсынады. Бағдарламалаушылардың айтуынша, бұл бағдарлама курс жасау процесінің 80% жұмысын мойнына алады. Ал қалған 20%-ын мұғалім өзі қарап, тексеріп шығады. Бас-аяғы 5-10 минутта курс құрастыра алады. Қазіргі таңда 50 шақты тілде жұмыс істейді.
Markr
Алдын-ала бекітілген критерийлерге қарап, баға қоюға болатын құрал бар десе, бірі таңғалса, бірі таңғалмайды. Бірақ мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін мұндай ресурс туралы да айта кету керек. Әрі технологияның алысқа ұзап кеткені сонша, құралдар қатты дамыған. Мысалы, Markr тексерген жұмыстарына фидбэк жасайды. Әрі иесі — яки мұғалімнің стилін үйренеді. Ол жиі қолданатын ескерту, сөздерді жаттап алады. Қатаңдығы да сондай. Сервисті жекелей де, мектептер қолданатын LMS-платформалармен де біріктіруге болады.
Analytics & Insights
Қазір сыныптарда оқушы саны көп. Мұндайда әр балаға жеке назар аудару қиынға соғады. Сол үшін сабақтың қай жерін түсінбей қалғанын, қай тақырып қиын болғанын біліп, дәл сол тұстарды ұштап, пысықтап жіберуге көмек керек болады. Бірнеше сыныпқа қатар беретін мұғалімнің бұған уақыты бола бермесі анық. Сол үшін түрлі көрсеткіш бойынша динамиканы бақылап, аналитикалық дашбордтар мен болжамдар жасай алатын Analytics & Insights платформасы жасалған. Бағдарлама оқушылардың үлгерімі мен сабаққа қатысуына анализ жасай алады. Соның негізінде оқу орнына түсу ықтималын да есептеп береді. Егер түгел мектеп қосылып алса, жетекшілер жекелей сыныптардың ғана емес, бүкіл мектептің үлгерімі жайлы ақпарат алып отыра алады. Сонымен қоса, кадр тапшылығы, келесі жылы бірінші сыныпқа қанша бала келетіні туралы да ақпарат алуға болады. Алдағы уақытта мұғалімдердің дамуына арналған аналитика іске қосылады деседі.
AssessmentQ
Емтихандар мен тестілер оқушыға да, мұғалімге де оңайға соқпайды. Нағыз сынақ дерсіз. Себебі біреуі емтиханнан өтуді ойлайды, біреуі абыроймен өткізуді ойлайды. Мұғалімге оған дайындалу үшін тапсырмалар әзірлеу керегі тағы бар. Осы шаруаны нейрон желілеріне тапсырып, жұмысты жеңілдетуге болады. Сол мақсатта жасалған AssessmentQ платформасы туралы атап өтпесек болмас. Ол тестілер мен емтихан өткізуге көмектеседі. Алдымен мұғалімдерге конструктор арқылы тест жасау керек. Оның ішінде бірнеше жауап нұсқасы бар, сұраққа жауап, мәтін бойынша сұрақ, суретке қарап жасалған сұрақ, сәйкестендіру керек тапсырмалар мен сорттау керек тапсырмалар дегендей бірнеше нұсқа болады. Одан қала берді тапсырмаға сурет пен видео қоса аласыз. Керек болса, жасанды интеллектіден тапсырма әзірлеуге көмектесуін сұрасаңыз болады. Конструктордың ішінде қосымша құралдар да бар. Мысалы уақытқа қатысты шектеу қоя аласыз. Сонда әр тапсырманы орындауға белгілі бір уақыт беріледі. Тест дайын болғанда мұғалім оны жариялап, оқушылар ашып қарай алатындай рұқсат береді. Бұл тестілерді басқа платформалармен сәйкестендіріп, ашылатындай қылып та қоюға болады. Емтихан барысына жүйе барлық оқушыны бақылап отырады. Сөйтіп соған қатысты әр оқушыға толыққанды есеп жасайды.
Breakout Learning
Жемісті оқу әдістемесінің бірі ретінде шағын топтарда талқы жасау айтылады. Дегенмен мұндай сабақтарды қазіргі заманда оқушылар тобында адам саны көп болғандықтан іске асыру қиындайды. Үйге тапсырма беріп, топтарға бөлініп орындату сияқты шаруа тапсыру да жемісін бере бермейді. Себебі мұғалімдер ол процесті бақылауда ұстай алмайды. Топқа бөлінгенімен, ішінде бір оқушы ғана барлығын істеп, қалғаны сол күйі қатыспай кетуі әбден мүмкін. Осы мәселені шешуге Breakout Learning платформасы көмектеседі. Бағдарламалаушылар тобы топтық тапсырмалар орындауға жәрдемдесетін тәсіл ойлап тапқан. Алдымен академиялық бэкграунды бар авторлар оқу тақырыптарына арналған сценарийлер құрастырады.
Одан кейін оқу материалдарын жасайтын ішкі топ дижитал контент жасаумен айналысады. Сонда әлгі сценарийлерге креатив қосылып, жандана түседі. Бәрі дайын болған соң оқушыларға тақырып бойынша дайындық материалдары подкаст түрінде беріледі. Кімге тыңдағаннан оқыған ыңғайлы болса, оларға материал PDF нұсқада жолданады. Материалдарды оқып шыққаннан кейін оқушылар не студенттер шағын тесттен өтеді. Ол жерде тақырыпты қаншалықты меңгергені байқалады. Кейін шағын топтарға бөлінеді де, онлайн-сыныптарға қосылады. Ол үшін оларға алдымен өткен сабақтарға қатысты видеороликтер көрсетіледі. Сөйтіп сауалнама не тест беріледі. Сынақ өткеннен кейін дискуссия жасалады. Сабақ кезінде айтылғаннан бәрінен платформа стенография жасап, кейс авторы алдын-ала жасап қойған критерийлер бойынша оқушылардың жауабына баға беріп отырады. Мұғалімдер платформаға кіріп, әр сабақтың есебін көре алады. Оның ішінде әр студенттің айтқаны толыққанды аналитика түрінде көрінеді. Ол бағалар қазіргі біраз LMS-пен үйлеседі. Бастапқыда бұл жоба бизнес-білім бағытына арнап жасалған. Бірақ алдағы уақытта кеңейіп, гуманитарлық, жаратылыстану, ғылым, тіпті медицина саласын да қамтуды жоспарлап отыр. Платформаны мұғалімдер жеке қолдана алмайды. Түгел оқу орны қосылуы шарт.