Көліктердің жүріп өткен жолы мен уақытына қарай орташа жылдамдығы есептеледі: шекті жылдамдықтан асқандар айыппұл төлейді

Жарияланды
Заңға «көліктің орташа жылдамдығы» деген ұғым енгізіледі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ішкі істер министрлігі көлік құралдарының қозғалысын қадағалауды көздейтін нормаларға өзгеріс енгізеді. Енді жол ережелерінде «көліктің орташа жылдамдығы» деген ұғым пайда болады. Солайша көлік иелерінің белгілі бір қашықты жүріп өткенде жылдамдықты қаншалықты асырғаны тексеріліп, айппұл салынады. Бұл заң жобасы Сенатта талқыланды.

«Көліктің орташа жылдамдығы» түсінігі енгізіледі және оны есептеу тәртібі қарастырылады. Ол халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары учаскесінің қашықтығын көлік құралы жүріп өткен уақыт кезеңіне бөлу жолымен айқындалады», – деді заң жобасын таныстырған сенатор Евгений Больгерт.

Ал көліктердің қозғалысына мониторинг жүргізу үшін арнайы автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен құрылғылары пайдаланылады. Бұл жабдықтардың көмегімен көлік құралының орташа жылдамдығы анықталып, шекті жылдамдықтан асып кету фактісі тексеріледі.

Сенатор қөлік құралының орташа жылдамдығын бақылауды күшейтуге жол-көлік апаттарының жиілеп кетуі себеп болғанын айтты.

«Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жылдамдықты шектен асыру салдарынан 4 512 жол көлік оқиғасы тіркелген. Бұл жалпы жол көлік оқиғалар санының 28%-ын құрайды. Мұндай апат салдарынан 1051 адам қаза тапса, 5642 адам жарақат алды. Жалпы жол-көлік оқиғалары кезінде қаза болған адамдардың 60%-ы жылдамдықты шектен асырып апатқа ұшыраған», – дейді сенатор.

Заң жобасына енгізілетін өзгеріс жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл норма қала сыртындағы жолдарға қатысты енгізіледі. Бұл жайлы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.

Көліктердің орташа жылдамдығын есептейтін құрылғы бірінші кезекте халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарға қойылады.

«Қазіргі таңда Qazavtojol-дың ақылы автомобиль жолдарына орнатқан 94 аркасы бар. Біз соның 54-іне жылдамдық өлшеуіш құралдарын орнаттық. Бұл құрылғылар көліктің сол сәттегі жылдамдығын ғана өлшейді. Заң жобасы қабылданса, оларды интеграциялап, көліктің орташа жылдамдығын анықтауға бейімдейміз. Бұған бағдарламалық мүмкіндігіміз де бар. Құрылғыларды Астана-Бурабай жолында пилоттық режимде тәжірибеден өткізіп көрдік. Басқа жолдарда да бұл тәжірибені енгізуге дайынбыз», – деді Лепеха.

Министрлік өкілі мұндай құрылғылардың қала сыртындағы трассалардың түзу учаскелеріне қойылатынын жеткізді.

Заң жобасын сенаторлар бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ оқыңыз