Алаяқтар қазақстандықтардың қалтасын қағудың жаңа тәсіліне көшті – Ұлттық банк сақ болуға шақырды

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банктің ескертуінше, алаяқтар халықтың қалтасын қағудың жаңа тәсіліне көшкен. Олар коммуналдық қызметтің немесе ұялы байланыс операторы ретінде қоңырау шалып, «SIM картаңыздың қолдану мерзімі» немесе «есептеуіш құралдарыңыздың пайдалану мерзімі өтіп кетті» деп алдайды. Қызметін ұзартуды немесе ол үшін электронды кезекке тұруды ұсынады.

Телефоныңызға жалған хабарлама жіберіп, ондағы мәліметтерді айтуды, күмәнді сілтемелерді басып, бір қосымша жүктеуді сұрайды. Мессенджердің жаңа функцияларын қосуды немесе дербес деректеріңізді айтуды өтінеді.

Айтқанын екі етпеген адамдардың телефонындағы SIM картаның виртуалды көшірмесін жасап, қосылып алады да, ақшасына қол сұғады.

Бұлар қаражатын сыпырып алған соң да, тыншымайды. Бір айналдырғанын шыр айналдыруға ұмтылады. «Ұлттық банк қызметкері» болып қайта қоңырау шалып, басқа банктердің қосымшаларын орнатуды талап етеді. Сосын сіздің атыңыздан түрлі кредит алып, қарызға белшеден батыра түседі.

Алаяқтар Ұлттық банк қызметкерінің жалған куәлігін, құжаттарын көрсетіп, ақшаңызды сақтандыру, банктік аударым жасау үшін реквизиттер мен хаттар ұсынады.

Ұлттық банк алаяқтардың іс-әрекетінен сақ болуға, банк атынан хабарласқандарға сенбеуге, сілтемелерге өтпеуге,  HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer секілді қосымшаларды телефоныңызға орнатпауға шақырып отыр.  

Алаяқтардың арбауына түспеудің жалғыз жолы – Ұлттық банктен, мемлекеттік органдардан қоңырау шалса, әңгімелеспей, телефоныңызды сөндіре салу. Өйткені Ұлттық банк ешкімге қоңырау шалмайды. Жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді. Ақшаны сақтандырмайды. Азаматтармен ақшалай есеп айырыспайды.

Ұялы байланыс операторлары да бұл мәселеге үн қатты. Қазақстандықтарға SIM карталардың жарамдылық мерзімі болмайтыны туралы хабарлама жіберді. Онда мерзімін ұзарту талап етілмейтіні, қызметкерлерінің бір реттік кодтарды немесе жеке деректерді сұрамайтыны айтылған.

Осы тақілеттес ескертуді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да жасады. БЖЗҚ хабарлауынша, алаяқтар қордың атынан жергілікті бір ұйымның бухгалтеріне қоңырау шалып, транзиттік шоттары «тұтқындалғандықтан», компания қызметкерінің зейнетақы шоты бұғатталғанын айтқан. Бұғаттан шығару үшін «сот орындаушысына» хабарласуға кеңес береді. «Сот орындаушысы» бір шот жіберіп, соған ақша аударуды талап етеді.

Бірақ бухгалтер секем алып, қорға хабарласып, мән-жайды анықтайды. БЖЗҚ оған «мұның алаяқтардың ісі» екенін айтып, ешқандай ақша аудармауға кеңес берген. Қор осындай айлакер алаяқтардан сақ болуға шақырып отыр.

Мұның алдында биыл интернет-алаяқтар қазақстандықтардан 18,2 миллиард теңге жымқырғаны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз