Астана мен Алматының көшелерінде кептеліс кезінде бір мезетте қанша көлік жүреді? Бұл сауалға Sergek ITS сарапшылары зерттеу жүргізіп көрді.
Sergek ITS мәліметінше, Астана жолдарында кептеліс кезінде 136 мың көлік қозғалады. Ал Алматыда бұл көрсеткіш 205 мың көлікті құрап отыр.
Сонымен қатар Sergek ITS мамандары Астана көшелерінде бір мезгілде 100 мың, ал Алматыда 170 мың көлік жүргенде қозғалыс ыңғайлы болатынын есептеп шықты. Мұндай жағдайда жүргізушілер діттеген жеріне кептеліссіз жете алады. Ал көлік саны көрсетілген саннан асып кетсе, көшеде кептелістер пайда болады.
Екі қалада да көлік көп жүретін уақыт – таңғы 8:00 және кешкі 18:00. Осы уақытта жолдарда көлік саны көбейіп, жылдамдық ең төменгі деңгейге дейін түседі.
Компания кептелісті азайту үшін қоғамдық көліктерді көбейтіп, олар жүретін арнайы жолақтарды салуды ұсынады.
«Жолдардағы жағдайды едәуір жақсарту үшін жол желісін басқарудың инновациялық әдістерін енгізіп қана қоймай, метро, трамвай жолдарын салу, қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақтар желісін дамыту, қазіргі маршруттық желіні ыңғайлы ету арқылы қоғамдық көлікті дамыту қажет», – деді Sergek Group көліктік талдау департаментінің басшысы Гаухар Достанова.
Айта кетейік, Sergek ITS (Intelligent Transportation System) – бұл қаладағы кептелістердің себептерін анықтауға, қоғамдық көлік үшін тиімді бағыттар мен кестелер құруға, қалалық инфрақұрылымды жоспарлауды өзгертуге мүмкіндік беретін интеллектуалды көлік жүйесі.
Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында жолға орташа есеппен қанша уақыт кететіні туралы жазған едік.
Оқу жылы басталғанға дейін жүргізуші жолға шамамен бір сағат уақыт жұмсаса, қазіргі жылдамдық пен кептелістермен, бұл уақыт шамамен 1 сағат 20 минутқа созылады.