Ресей Қазақстанмен шекара аймағында елге кіру ережелерін өзгертті: саусақ іздерін сәйкестендіру қажет
Ресейге шетел азаматтарының кіруі қиындауы мүмкін. РФ шетелдіктердің елге кіруіне қатысты ережелерді өзгертті. Өзгеріс Қазақстан азаматтарына да әсер етеді. Бұл туралы Ресей Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасай отырып, «Коммерсант» басылымы хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, ресми Мәскеу шетел азаматтарын елге кіргізу кезінде фото және саусақ іздерімен сәйкестендіру бойынша пилоттық жоба бастаған. Пилоттық жоба бастапқы кезеңде Мәскеу әуежайында және Қазақстанмен шекарадағы Орынбор облысында орналасқан Маштаково автомобиль өткізу пунктінде іске асырылады.
«Орынбор облысында Қазақстанмен шекарада орналасқан Маштаково автомобиль өткізу пунктінде 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ресейге келетін шетелдік азаматтарды фото және дактилоскопиялық сәйкестендіру (саусақ іздері) бойынша экспериментті пилоттық жоба басталады. Процедура Мәскеудегі әуежайларда да қолданылады», – деп хабарлады «Коммерсант».
Пилоттық жоба әзірге эксперименталды түрде жүргізіледі. Тестілеуден өткеннен кейін, Ресей Ішкі істер министрлігі мен Федералды қауіпсіздік қызметі жобаны барлық шекаралық аймақта қолдануды жоспарлаған.
Еске сала кетсек, 29 шілде мен 3 тамыз аралығында Ресейдің «Маштаково» бекетіндегі жол төсемін жөндеу жұмыстары жүргізілді.
7 шілдеде бұл бекетте жүк көліктерінің кептелісі пайда болды. Ол кезде 200-ге жуық жүк көлігінің шекарадан өтуі ұзаққа созылып кетті. ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің БҚО департаменті автомобильдердің кідірісіне Ресей тарапынан жүргізіліп жатқан тексеріс шаралары себеп болғанын айтты.
Жалпы Ресеймен шекарада жүк көліктерінің ұзақ тұрып қалуы – жиі болатын оқиға. Былтыр Ресей Федерациясы мен ҚР арасындағы шекара бекеттерінде электронды кезектің енгізілуіне байланысты жүк көліктерінің өтуі қиындап кеткен.