Құлыбаевтың компаниясы ҚазҰУ жер теліміне қатысты депутат Бақытжан Базарбектің сауалына жауап берді

Жарияланды
Құлыбаевтың компаниясы ҚазҰУ жерінде салынып жатқан ғимарат үшін қарыз алғанын айтты / Коллаж Kursiv.media

Atlas Development ЖШС Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаевтың Алматы қаласы әкімдігіне 34 млрд теңге шот жібергені туралы айтқан дерегіне қатысты мәлімдеме жасады.  

Компания өзінің Әл Фараби даңғылындағы бизнес-орталықтың құрылыс салушысы екенін, Алматы қаласының Мамандырылған ауданаралық экономикалық соты ғимарат аяқталатын кезеңде жер теліміне қатысты қала әкімдігінің қаулысын жарамсыз деп танығанын атап өтті.

«Айта кететін жайт, компания жер телімін заңды негізде сатып алған. Сотта қаралып жатқан Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы біздің компания жер телімін сатып алғанға дейін шыққан. Басқаша айтқанда, құзырлы органдардың Atlas Development ЖШС-ға кінәрат-талабы жоқ», – дейді компания өкілдері.

Компанияның мәлімдеуінше, олар Алматы қаласы әкімдігінің әрекеттінің заңдылығына күмән келтірмеген және нысан құрылысын 34 млрд теңге қарыз алып салған. Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаментінің талап-арызы бойынша соттың істі қарауы барысында бұл қаржы көлемі туралы сөз болған.  

«Қолданыстағы заңанамаға сәйкес компания кез келген инвестор секілді, мемлекеттік органдардың заңға қайшы әрекеті (әрекетсіздігі) салдарынан келтірілген шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Алайда қазіргі кезде Atlas Development ЖШС ресми түрде тиісті талап-арыз түсірген жоқ», – делінген мәлімдемеде.

Atlas Development ЖШС баршаны ахуалды объективті суреттеуге және талқылауға шақырып отыр.

Кеше Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек депутаттық сауалында Тимур Құлыбаевтың ҚазҰУ аумағындағы жер теліміне салынып жатқан бизнес-орталық үшін Алматы қаласы әкімдігінен қомақты өтемақы төлеуді талап етіп отырғанын айтқан болатын. Әкімдіктің заңсыз шешімі мемлекет үшін өте қымбатқа түсуі мүмкін екенін ескерткен.  

Atlas Development ЖШС-ның құрылтайшылары –  «Кипрос» ЖШС мен Joint Technologie ЖШС. «Кипрос» ЖШС құрылтайшысы – Тимур Құлыбаев. Ал Раушан Сағдиева басқаратын Joint Technologies компаниясының құрылтайшысы – «Кипрос» ЖШС.

Сондай-ақ оқыңыз