«Алтыналмастың» Жамбылдағы кен орнында тау жынысы құлап, жұмысшы үйінді астында қалған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Алтыналмас» кен орнында жұмысшы үйінді астында қалған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

18 қыркүйекте «Алтыналмас» акционерлік қауымдастығының Жамбыл облысындағы тау-кен байыту кешендерінің бірінде тау жыныстары құлап, бір жұмысшы үйінді астында қалып қойған. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлаған.

«2024 жылы 18 қыркүйекте Жамбыл облысындағы «Алтыналмас АҚ» тау-кен байыту кешендерінің бірінде тау жынысы құлады. Оқиға орнына авариялық-құтқару жасағы келіп, іздеу-құтқару операциясы басталды», – делінген компания хабарламасында.

Ақпаратқа сүйенсек, тау жыныстарының қозғалысы мен күрделі географиялық жағдайларға байланысты оқиға орнында іздеу жұмыстарын жүргізу қиындаған. Қазір үйінділердің астында қалған жұмысшы іздестіріліп жатыр.

Компания оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын бастаған. Оқыс оқиғадан кейін, бірден жұмыс тобы құрылды. Арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтауы тиіс.

«Алтыналмас» Доре құймаларындағы алтынды өндіреді, одан әрі өңдеу үшін Астанадағы «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытына жіберіледі. Тазартылған алтынды Қазақстан Ұлттық Банкі сатып алады. Акционерлік қоғамның 13 еншілес компаниясы бар. Олар: «AAEngineering Group» ЖШС, «Ақбақай тау-металлургия комбинаты» АҚ, «Ақбакай Голд Ресорсес» АҚ, «Аксу Technology», «Ақтогай Мыс», «Алтыналмас Реагентс», «Алтыналмас Technology», «Алтын алмас» Сауда үйі, «Қазақалтын», «Асыл Ресорсес», «Қазақалтын Сервис», «Степногорск қонақ үйі», «Казахалтын Technology» ЖШС-лар. 

Топтың активтері Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан. Жалпы 26 кен орнында кен өндіруге келісімшарты бар. 

Пайдалы қазбалар «Ақбақай», «Долинное», «Ақсу» алтын өндіру зауыттарында, «Пустинное» байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» бағалы металл өндіру зауытында өңделеді. 

Компания қаржы есебіне сүйенсек, негізгі акционерлері: Gouden Reserves B.V. – 60%, Владимир Жұманбаев – 20% (2022 жылы 22 пайыз), Дияр Қанашев – 10,5%, Игорь Ветиул – 6,5% иеленетіні жазылған. Компанияның түпкілікті иесі және бақылаушы тарабы – Family Trust атынан әрекет ететін Trustee Pte Ltd компаниясы.

Сондай-ақ оқыңыз