Жания Ұранқаева Үкімет ғимаратына кіруге рұқсат алды: мәселеге «Әділ сөз» араласқан
«Әділ сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Қазақстан Үкіметі үйіне журналист Жания Ұранқаеваны кіргізу жөнінде Үкіметтің баспасөз қызметімен келісім жасағанын мәлімдеді.
«Әділ сөздің» айтуынша, қор Үкімет аппаратына жүгінген соң, Үкіметтің баспасөз қызметі 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін журналиске ғимаратқа кіруге қойған шектеуді қайта қарауға келіскен.
«Үкімет ғимаратындағы өткізу және ішкі нысан режимінің және БАҚ өкілдерінің қызметін реттейтін басқа да құжаттардың ережелерін сақтай отырып, Жания Ұранқаева кәсіби міндетін толық орындай алады. 2024 жылдың тамызында күшіне енген БАҚ туралы заңның талабы бойынша, журналистерге ерекше маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға кіргенде өткізу және ішкі нысан режимін сақтау міндеттеледі», – делінген «Әділ Сөздің» хабарламасында.
«Әділ Сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Үкімет аппаратына, соның ішінде Үкіметтің баспасөз қызметіне ашық ұстанымы және әділеттілік пен заңдылық қағидаттарын құрметтегені үшін алғыс білдірді.
«Бұл келісім – БАҚ өкілдері мен мемлекеттік орган қызметкерлері арасындағы конструктивті диалогтың жарқын үлгісі. Қазақстандық қоғамның мүддесіне қарай мәселелерді шешуде конструктивті диалогтың сарқылмас потенциалын көрсетеді», – делінген мәлімдемеде.
Мұның алдында Үкімет үйіне кіру құқығынан айырылған журналист Жәния Ұранқаева Үкіметтің баспасөз қызметінен ешқандай ескерту алмағанын және бұл шешімге шағымдануды жоспарлап отырғанын жазған едік.