«Қазақстан халқына» қорының атынан қаражат жинайтын алаяқтар пайда болды
Алаяқтар енді «Қазақстан халқына» қоры атынан ақша жинауға көшіпті. Қор бұл жайында донорлары мен серіктестеріне ескертті. Жымысқы әрекетке көшкендер қор сайтындағы жеке деректерді пайдаланған.
«Бізге «Қазақстан халқына» ҚҚ қайырымдылық жасаушыларына бағытталған алаяқтық әрекеттер туралы ақпараттың келіп түскеніне назарыңызды аударамыз», – делінген хабарламада.
Алаяқтар қордың веб-сайтында жарияланған жеке деректерді пайдаланады екен. Осылайша донорлар мен серіктестеріне қордың басшылығы атынан жалған хабарламалар жіберетіні ескертілген. Сондықтан мұндай күмәнді хабарлама алған кезде тұрғындар «Қазақстан халқына» қорына тікелей хабарласқаны жөн.
«Егер сіз танымал whatsapp немесе telegram мессенджерлері бойынша күмән туғызатын хабарлама немесе сұрау алсаңыз, оған жауап бермеңіз және ақпаратты тексеру үшін тікелей хабарласыңыз», – деді қордың баспасөз қызметі.
Бұған дейін Ұлттық банк де алаяқтық әрекеттердің көбейгенін ескерткен болатын. Енді тұрғындардың аңқаулығын пайдаланатындар қалта қағудың жаңа тәсіліне көшкен көрінеді. Олар коммуналдық қызметтен немесе ұялы байланыс операторы ретінде қоңырау шалып, «SIM картаңыздың қолдану мерзімі» немесе «есептеуіш құралдарыңыздың пайдалану мерзімі өтіп кетті» деп алдайды.