Аягөз әскери гарнизонының офицері өзіне қол салды

Жарияланды (жаңартылды )
Аягөз әскери гарнизоны қызметкерінің өліміне не себеп? / Фото: ЖИ Copilot

Аягөзде тағы да бір әскери қаза болды. Офицер Қызылордадан осы әскери бөлімге жақында ғана келген. Оқиғаны Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі растады.

«19 қыркүйекте жұмыстан тыс уақытта Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет ететін офицердің денесі үйінен табылды. Алдын ала ақпарат бойынша, офицер өзіне-өзі қол жұмсаған. Оқиғаның жай-жапсары анықталуда. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.      

Ulysmedia порталына офицердің туыстары марқұмның Қызылордада әскери кафедраны бітіргенін, запастағы лейтенант болғанын айтты.

«7 қыркүйекте ата-анасы, әжесі, атасы – бәрі жолға шығарып салды. 9 қыркүйекте қызметке кіріскенін хабарлады. Оны екі жыл қызмет етуге Аягөзге шақырған еді. Бір сағат бұрын қаралы хабар жетті. Оны асып өлтірген дейді. Бұл туралы басшының орынбасары айтқан. Бұл жерде бір күдік бар. Қызметке енді ғана келген адам қалай асылып қалады?» – дейді офицердің жездесі.

Соңғы кездері әскери қызметкерлерге қатысты оқыс оқиғалар көбейіп кетті, 17 қыркүйекте Арыста әскери қызметкердің басына оқ тиген еді. 13 қыркүйекте Алматы қаласындағы әскери институтта сержант өзіне қол салған болатын. 13 қыркүйекте Жезқазғанда әскери қызметкерге оқ тиіп, ауруханаға жатқызылды.

7 қыркүйекте 19 жасар солдат офицердің қолынан оққа ұшқан еді. Алматыда Ұлттық гвардия сарбазы жарты жыл бойы комада жатты.

Сондай-ақ оқыңыз