АЭС 60 жылға дейін тұрақты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етеді. Оны негізінен стратегиялық мақсатта қарастыру керек – атом инженері
Атом электр станциясын негізінен стратегиялық мақсатта қарастыру керек. Ол 60 жылға дейін «жасыл» энергиямен энергетикалық тұрақтылығымызды қамтамасыз етеді. Бұл жерде сынақ жасалмайды. Ол негізінен энергетикалық нысан. Бұл туралы kursiv.media тілшісіне берген сұхбатында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков айтты.
Маманның айтуынша қазіргі кезде электр энергиясы өзекті мәселе. Өйткені біздің елде генерациялық жабдықтардың 70%-дан астамы тозған. Ал сұраныс артып келеді.
«Өздеріңізге белгілі осы генерациялардың басым бөлігі көмірмен жұмыс істейді. Олар алдағы 10 жылдықта тозады. Бұдан бөлек көмірмен жұмыс істеген станциялардың зиянды қалдықтары бар. Қазір Еуропа, АҚШ бастап, бүкіл әлем «жасыл» энергияға бет бұруда. Қазақстанның да 2060 жылға дейін «жасыл» энергетикадан алатын энергия көзін арттыру жоспары бар. Атом энергетикасы – тұрақты энергетика. Сонымен қатар күн, жел, су станциялары сияқты «жасыл» энергияға жатады. Осының барлығын есептей келе АЭС салу біз үшін қисынды болып тұр», – дейді атом инженері.
Асуан Сиябековтың айтуынша, қазір энергия тапшылығы байқалмайды. Бірақ «жоғары сұраныс уақыты» бар. Ондай кезде электр энергиясын көрші елден импорттаймыз. Мәселен, былтыр 115 млрд кват/сағат тұтынған болсақ, оның 112 млрд кват/сағатын өзіміз өндіріп, 2 млрд кват/сағатты көрші елден алдық. Бұл үлкен көрсеткіш емес, бірақ болашақта энергия жабдықтаушы жүйенің тозуына, тұтынушылар санының өсуіне байланысты арта береді. Мәселен, алдағы 2030-2035 жылдары бізге 2,8 гигаватт энергия керек болады. Ал АЭС 2035 жылдағы сұраныс пен энергия тапшылығының 9-10%-ын жабады.
Сонымен қатар бізде АЭС-ке қажетті уран, ядролық отын мәселесі жоқ.
«Бізде уран, оның қажетті мөлшері де бар. Әлемде уран қоры бойынша екінші орын аламыз, экспорт бойынша бойынша бірінші орындамыз. Одан бөлек біз ураннан дайын отын жасай аламыз. 2021 жылдан бастап француздық технология бойынша ядролық отын шығарып, Қытайға тасымалдап жатырмыз. Оған жақсы баға берілді. Енді 2024 жылы толықтай қуаттылыққа көшіп, жылына 200 тонна дайын отын дайындау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Яғни біліктілік те, отын да өзімізде бар. АЭС салынса, сол базаны қолдануға болады», – дейді маман.
Ал шетелдік компанияларға жүгінуге себеп – бізде АЭС салу тәжірибесі жоқ. Сондықтан оны мамандаған компаниялар салуы керек.
«Оның ішінде 13 технологияны қарастырып, заманауи, қауіпсіз деп француздық, ресейлік, қытайлық және де оңтүстіккореялық технологияға тоқталып отырмыз. Технологиялық, экономикалық жағынан төртеуі де тең. Әрине құрылысы, уақыты бойынша әрқайсының артықшылықтары бар. Бірақ әлі нақты таңдау жасалған жоқ. Бірнеше компанияның бірлесіп салу мәселесіне келсек, оны басқару бойынша тәуекелдері бар. Ол жағын да ескеру керек», – дейді сарапшы.
Ал бағасына келсек, әлем бойынша АЭС технологиялары қымбат. Мысалы, бір АЭС-ке 10-12 млрд доллар кетеді. Бұл сомаға тұрғызудан бастап, жабдықтар, радиактивті қалдықтармен, пайдаланылған отынмен «жұмыс», реакторды 60 немесе 80 жылдан кейін пайдаланудан шығару, барлығы соның ішінде қосылған.
«Уақытына келсек бірінші кезекте құжаттама жұмыстары, инженерлік ізденістер, сметалық құжаттама 4-5 жылдың көлемінде жүзеге асса, бірінші бетонды құйғаннан бастап 5 жылдың көлемінде атом станциясын көруге болады. Барлығын қоса алғанда 10-12 жыл кетеді. Қолданысқа берілген соң, бірінші буынды 25, екінші буынды 40, 3+ буынды технологиялардың жобалық уақыты 60 жыл, кейін техникалық жағынан дұрыс болса 80-100 жылға дейін созуға болады. Одан кейін қолданыстан мүлдем шығарып тастайды», – дейді ҚАЭС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков.