Қарағанды облысында мал ұрлығы көбеюіне байланысты автожолдарға 18 блок-бекет қойылды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Қарағанды облыстық полиция департаментінен

Қарағанды облысының тас жолдарында мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында 18 жылжымалы блок-бекет орнатылды. Полиция қызметкерлері аталған бекеттерде көлігіне мал тиеп алғандарды және ет өнімдерін тасымалдаушыларды тоқтатып, құжаттарының белгіленген талаптарға сай болуын тексереді.

Қарағанды полиция департаментінің мәліметі бойыша жыл басынан бері облыс аумағында 25 мал ұрлығы дерегі тіркеліп, оның 18-і ашылды. Өткен аптада Бұқар жырау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері аудан тұрғынының құны 1 миллион теңге болатын голштейн  асыл тұқымды ірі қарасын ұрлаған күдіктілерді ұстады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалы жүргізілуде.

Аталған блок-бекеттер департамент тарапынан нақты нұсқау берілгенше алынбайды.

«Мал ұрлығының басым бөлігі еркін жайылып жүргенде ұрланса, кейбір жағдайда мал иесі төрт түлігінің қай уақытта жоғалғанын білмейтін кездер болады. Полицияға жайылымнан малын жоғалтқанына байланысты 17 арыз түсіп, жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында 106 мал, яғни 56 жылқы, 12 ірі қара мал, 38 ұсақ мал табылды», – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Қазақстанда 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №292 –VI Заңымен ҚР ҚК-нің 188-1-бабы бойынша мал ұрлығы үшін жаза күшейтілді. Кем дегенде 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Одан бөлек мәжбүрлі түрде жұмыс істету, бас бостандығын шектеу, мүлкін тәркілеу, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз