Жапонияда жауын-шашын салдарынан 130 мың адам эвакуацияланды
Жапонияда 22 қыркүйекте жауған қатты жауын салдарынан 130 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды.
ВВС ақпаратына сүйенсек, жауын салдарынан болған сел кезінде 1 адам қайтыс болып, 7 адам іс-түссіз жоғалып кеткен.
Хонсю аралының батысындағы Исикава префектурасында ауа райының күрт бұзылуынан 16 өзенге жауын суы толып, арнасынан асып кеткен. Исикавадағы 7 ірі қала мен аймақтағы елдімекеннің тұрғындары үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Негізгі су тасқыны Ваджима мен Сузу қалаларында болған.
Билік азаматтарды ескертулерге құлақ асып, елдегі нөсер кезінде су тасқыны мен көшкін қаупіне сақтық шараларын қабылдауға шақырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Яги» тайфуны салдарынан Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань аралында екі адам қаза тауып, 92 адам түрлі дәрежедегі жарақат алғаны туралы жазған едік.