Telegram Дуров ұсталғаннан кейін, киберқылмыс туралы тергеу сұрауларына жауап бере бастаған
Telegram мессенджерінің әкімшілері компания негізін қалаушы Павел Дуров Францияда ұсталғаннан кейін, әртүрлі елдердің киберқылмыс туралы тергеу сұраныстарына жауап бере бастаған. Бұл туралы француздық Le Figaro басылымы жазды.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, Telegram-ның француз ведомстволарымен ынтымақтастығы белгілі болғаннан кейін, әртүрлі елдер мессенджерге өтініш бере бастаған. Басылым ЕуроОдақ елдерінің бірі мессменджерден жүздеген адамды өлтіруге тапсырыс берілген қылмыстық топ туралы ақпаратты алып үлгергенін жазған. Бұған қоса, Оңтүстік Кореяның кейбір қылмыстық сұраулары француз әділет жүйесіне тіркеліп үлгерген.
Француз басылымдарының жазуынша, ел билігі мессенджерден ақпарат алу үшін Дуровқа қатысты іс бастаған кезде киберқылмыс туралы жаңа заңды қолдаған. Заң 2023 жылдың қаңтарында қабылданған. Платфорлардағы заңсыз қызметтер мен өнімдерді таратуға ықпал ететін IT-компанияларға тікелей қатысты болған. Сарапшылар заңның өзге Еуропалық елдерде қабылданбағанын айтып, оның бірегей екенін ескерген.
Еске сала кетсек, 24 тамыз күні Telegram мессенджерінің иесі – Павел Дуров Париж әуежайында ұсталған болатын. Оны жеке ұшағымен Ле Бурже әуежайына қонған кезде Франция полициясы тұтқындады.
Франция прокуратурасы оған 12 қылмыс бойынша айып тағып отыр. Соның бірі – заңсыз транзакцияларды жүзеге асыру үшін онлайн-платформаны басқаруда ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатысу. Сонымен бірге уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тарту, ақшаны жылыстату және қылмыскерлерге криптографиялық қызмет көрсету секілді фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал 28 тамыз күні Дуров 5 млн еуро кепіл төлеп, бостандыққа шықты.
6 қыркүйекте Telegram иесі Павел Дуров Франция полициясы қамауға алғаннан кейін, алғаш рет мәлімдеме жасап, Франция билігінің «Telegram платформасы уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тартты» деген уәжімен келіспейтінін айтқан.