Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзенінің бойындағы 10 бекетке су есептейтін жүйе орнатады
Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзенінің бойындағы 10 гидробекетке су есептейтін жүйе орнатады. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездесуі кезінде айтылған.
Тараптар Сырдария өзеніндегі су бекеттерін автоматтандыру мен суды есепке алуды цифрландыру мәселесін талқылаған. Нұржан Нұржігітов халықаралық қаржы ұйымдарымен және компаниялармен келіссөз жүргізіп, заманауи суды есепке алу жүйесі орнатылатын 10 бекет салуға инвестиция көзін іздеп жатқанын мәлімдеген.
Сонымен бірге екі ел өкілдері келесі жылғы суару маусымына дейін Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының жұмыс тәртібін реттеу мәселесін де қозғаған. Нәтижесінде Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы уақытта өтетін отырысында су қоймалары жұмысының болжамды кестесі мен су беру көлемін бекітуге келіскен.
Бұдан бөлек, тараптар су ресурстарын ұтымды пайдаланудың өңірлік стратегиясын әзірлеу туралы келісіп, хаттамға қол қойған.
«Халықаралық Аралды құтқару қорының отырысына белсенді қатысқан және ұсыныстарымен бөліскен өзбекстандық әріптестерімізге үлкен рахмет айтамын. Бір жыл ішінде біз бірлескен жұмысымыздың оң нәтиже беретініне көз жеткіздік. Сондықтан екіжақты тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз. Көптеген мәселелер бойынша біз ортақ келісімге келдік. Бұл бізге күн тәртібіндегі мәселелердің көпшілігін өзара тиімді негізде шешуге мүмкіндік береді», – деген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржігітов.
Ал Шавкат Хамраев Өзбекстан Халықаралық Аралды құтқару қорымен сында да өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екенін, Әмудария мен Сырдария бассейндерәнәі экожүйесін сақтауға атсалысатынын жеткізген.
«Өзбекстан Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығын толық қолдайды. Біз осы бағыттағы өзара іс-қимылды күшейтіп, бірлескен жобалармен жұмыс істегіміз келеді. Мысалы, Сырдария және Амудария өзендері бассейндерінің экожүйесін сақтау, жергілікті тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, шағын және жергілікті су айдындарын қалпына келтіру және т.б. іс-шараларды іске асыруға ниеттіміз, – деп мәлімдеді Хамраев.
Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров 10 жылдың ішінде Орталық Азия елдері мен оңтүстік Қазақстан жерлері, су тапшылығына байланысты ауыл шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамай қалатынын айтқан болатын. Депутат Сырдария суының 80 пайызын Өзбекстан елінің пайдаланатынын, сол үшін суд барынша үнемдеу технологиялары енгізілуі тиіс екенін айтқан еді. Жиында министрлік өкілі Оңтүстік өңірге Ертіс суын жеткізу бойынша ірі жоба басталатынын мәлімдеді.