Қаратұрын кен орнындағы 6 айға созылған өрт үшін «Бозашы Мұнай» компаниясына 2,3 млрд теңге айыппұл салынды
«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы жарты жыл бойы жанған өрт салдарынан мемлекетке келген шығын үшін «Бозашы Мұнай» компаниясына 2,3 млрд теңгеге жуық айыппұл салынды. Алматы ауданаралық экономикалық сотының шешімі 12 қыркүйек күні шыққан.
Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы кен орнын игеріп отырған компаниядан 2,2 млрд теңге өндіру талабымен сотқа жүгінген. Инспекция «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнындағы өрт пен метанның бөлінуінен ел экономикасы шығын шегіп, 200 күн бойы шикі газ бекер жанды деп тұжырымдайды. 6 айда 12 млн текше метр газ жанып кеткен.
Алайда «Бозашы Мұнай» компаниясы мемлекеттік инспекцияның талабымен келіспейді. Сотқа берген жауабында мемлекетке келтірілген шығын 6 айда жанып кеткен газ бағасымен есептелуі тиіс екенін айтқан. Компания 12 млн текше метр газдың ішкі нарықтағы бағасына сай, мемлекетке келтірілген шығынымыз 219 млн теңгеден аспайды деген уәж айтқан.
Бірақ сот жауап беруші тарап «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңмен қатар, Ата Заң баптарын бұзды, мемлекетке келген шығынды газдың ішкі нарықтағы бағасымен есептеу дұрыс емес деп тапқан. Сот компания кен орындағы өртке толық жауапты деп тұжырымдайды. Нәтижесінде «Бозашы-Мұнай» компаниясы мемлекет есебіне 2,3 млрд теңге шығын өтесін деген шешім шығарды. Компания сот шешімін 1 ай ішінде жоғары инстанцияда даулай алады.
«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында өрт 2023 жылдың маусым айында шықты. Жарты жылға созылған өрт 2023 жылғы 26 желтоқсанда сөндірілді.
Ресми атауы – «Бузачи нефть» деп көрсетілген мұнай компаниясы 1993 жылғы 22 желтоқсанда тіркелген. Шикі мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады. Компания орта кәсіпорын. Алғашқы жетекшісі – Сәуле Асанова. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – Мұрат Сафин. Ол MTA Securities & Investment Limited компаниясына тиесілі «Атыраумұнайгазгеология» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Мұрат Сафиннің туған ағасы – Қанатбек Сафинов ҚР Парламенті Сенатының депутаты.