ЕО, Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия: Үкімет 20 млн тонна көлемінде жиналатын астықты экспорттау үшін жаңа бағыттар іздестіріп жатыр
Қазақстанда биыл астық көлемі 20 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Осыған орай Үкімет астық өткізетін жаңа экспорттық бағыттарды іздеуге көшкен. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов агробизнес өкілдерімен және жауапты ведомство өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіп, биылғы астық түсімі мен басқа аграрлық салаға қатысты мәселелерді талқылаған.
Ауыл шарушылығы министрі Айдарбек Сапаров күзгі дала жиындарынан кем дегенде 20 млн тоннаға жуық астық жиналатынын мәлімдеген. Осы орайда Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне бидай өткізетін жаңа нарықтық бағыттарды іздестіруді тапсырған.
«Сауда және интеграция министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп дәстүрлі нарықпен шектелмей, Орталық Азия, Қытай, Ауғанстан және Иран сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым экспорттық нарығын кеңейту, сонымен қатар ЕО елдері, Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және т. б. жаңа бағыттарды пысықтау тапсырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге жиында мемлекеттік қолдау астықтың мол шығуына ықпал еткен факторлардың бірі ретінде аталған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл рекордтық көлемде жеңілдетілген несие берілген. Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі биыл бірінші рет 3 есе артып, 580 млрд теңгеге жеткізілген. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және форвардтық сатып алуға жұмсалған.
Ал келесі жылдан бастап саланы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Үкімет басшысы алдағы жылға жоспарланған бұл қаражаттың шаруаларға осы жылдың соңына қарай, яғни желтоқсан айынан бастап беріле бастайтынын мәлімдеген.
2025 жылдан бастап шаруаларға қаржы институттарынан тікелей арзандатылған несие алуға мүмкіндік беріледі. Ал субсидиялау мәселелері толығымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелмек. Осылайша, шаруалар субсидия рәсімдеу бойынша артық әуре-сарсаңнан босатылмақ.
Еске сала кетсек, Қазақстан астық экспорты бағыттарынан біртіндеп айырылып жатқаны бұрыннан айтылып келеді. Қазақстан осыған дейін майлы және дәнді дақылдарды 63 елге экспорттап келген. Ал соңғы 10 жылда экспорттық бағыт 44 елге дейін төмендеген. Сенат депутаты Арман Өтеғұловтың айтуынша, өткен жылы жиналған астықтың 4,5 млн тоннасы қоймада әлі де сақтаулы. Ал күзде оның үстіне тағы 20 млн тонна астық жиналады. Ал елдің ішкі нарықтағы тұтыну көлемі 12,5 млн тоннаны құрайды. Ішкі нарықта тұтынатын бидайды алып тастағанның өзінде, 12 млн тонна астық артылайын деп тұр. Осы орайда депутат елде бидайды терең өңдеу саласын дамтуға ден қоюды тапсырған болатын.
Ал мұның алдында Ресей бидайы ішкі нарық пен экспорттық бағыттарға қысым көрсете бастағандықтан, Қазақстан бидай импортына тыйым салды. 2024 жылдың алғашқы 5 айында елге Ресей Федерациясынан 1 млн тоннадан астам бидай әкелінген. Сонымен бірге сыртқы нарықтарды ресейлік арзан бидай жаулап барады. Осыған байланысты үкімет жаңа бағыттар іздеуге мәжбүр.