Қарағандыдағы «Микрокредит KZ» микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды – ҚНРДА

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock

«МҚҰ «Микрокредит KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қарағанды қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы бұйрық шығарған.

Аталған мекеме агенттіктің жазбаша нұсқамаларын орындамаған.

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын жүйелі түрде орындамау (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) лицензиядан айыру үшін негіздеме болды», – деп хабарлады агенттік.

Оған қоса Қарағанды қаласы өңірлік өкілдер басқармасы «Ломбард СФП» ЖШС-ның лицензиясын уақытша тоқтатты.

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзу тоқтата тұруға негіз болды», – деп түсіндірді агенттік.

Басқарма аталған ұйымның микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясының қолданылуын 3 айға шегерді. «Ломбард СФП-ға» микрокредит беру туралы жаңа шарт жасасуға, қолданыстағы шарттардың мерзімін ұзартуға тыйым салынды.

«Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы тоқтатыла тұрған микроқаржы ұйымы (ломбард) микрокредит беру туралы бұрын жасалған шарттар бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындауға міндетті», – деп нақтылады ҚНРДА.

Шілдеде агенттік 4 микроқаржы ұйымының лицензиясын үш айға тоқтатты. «Бренд ломбард» ЖШС, «Ұлдан-ломбард» ЖШС, «TIYN-S ломбард» ЖШС және «Әл-Фараби ломбард» ЖШС «Микроқаржылық қызмет туралы» заң баптарын бұзған.

Одан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Алматыдағы «Сәттілік Finance» микроқаржы ұйымының лицензиясын үш айға шектеді. МҚҰ пруденциалды нормативтерді немесе басқа да міндетті талаптарды орындамаған.

ҚНРДА 2024 жылдың басынан бері алты микроқаржы ұйымының лицензиясының күшін жойды.

Сондай-ақ оқыңыз